Ордабасы: «Ауыл аманаты» жобасы кәсіп ашуда жастарға таптырмас мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындап қана қоймай, кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Жалпы алғанда, Жолдау – елдің даму стратегиясын айқындайтын, әр азаматты еңбекке, бірлікке, жаңашылдыққа үндейтін маңызды бағдар.
Атап өтерлігі, Жолдауда айтылған бастамалар еліміздегі бизнес ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашты. Президенттің айтуынша, ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Президент тапсырмасына сәйкес Ордабасы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, осы бағытта Шұбар ауылы, Тоқсансай ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Алпейс Ардабек 2023 жылы «Ниет» атты жобасын іске қосып, ауылдық жердегі шағын кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосуда.
Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында 6,8 миллион теңге көлемінде несие, сондай-ақ 1,2 миллион теңге жеке қаражат есебінен 0,5 гектар аумақта тұрмыстық қажеттіліктерге арналған ағаш бұйымдары мен өзге де өнімдерді өндіру ісін қолға алған. Өндіріс барысында ағаш өңдеудің арнайы технологиялары қолданылып, өнім сапасының талапқа сай болуына ерекше назар аударған.
– Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Дегенмен оның көзін тауып жұмыс істеу үшін алдыңда үлкен мақсатың болуы тиіс. Сол мақсат мені осы кәсіпті ашып, отбасы бизнесін жүргізуге алып келді. Былтыр осы кәсіпті кеңейтіп, құрал жабдықтарды жаңарту үшін өңірдегі «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамына қайырылдым. Өтінішім қанағаттандырылып, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жеңілдетілген төмен пайызбен рәсімдеген несие қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмысымды жаңа бағытта жандандырып отырмын, – деді кәсіпкер.
Кәсіпкер жоба аясында әзірше 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықтың жалпы шығыны 8 миллион теңгені құраса, қазіргі уақытқа дейін кәсіпкерлік қызметтен 12 миллион теңге көлемінде таза пайда тапқан. Алпейс Ардабек Пернеханұлының бастамасы Шұбар ауылындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың нақты үлгісі болып табылады.
Осы «Ауыл аманаты» жобасымен кәсібін бастаған келесі азамат Шұбар ауыл округінің тұрғыны Серік Манапұлы. Жалпы ауданымызда мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған көптеген ауыл азаматтары өз кәсібін ашып, тұрмыстарын жақсартып келеді. Серік «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 4 400 000 теңге жеңілдетілген несие алып, өз үйінде шағын тігін цехын ашқан еді. Кәсіпкер қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қажетті түрлі тұрмыстық тапсырыспен тігін өнімдерін дайындауда. Жобаның іске асуы отбасылық табысты арттырып, ауыл ішінде шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуда.
– Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған. Оның игілігін көріп отырған жанның бірі мен. Жалпы қандай болмасын кәсіп бастау да, оны жүргізу де оңай шаруа емес. Ол үшін мемлекеттің қолдауы керек. Жалпы бүгінгі таңда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдау көп. Соның арқасында өндіріс көлемін арттыруға жол ашылды. Өз басым, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алып, жұмысымды бірден бастап кеттім. Жалпы несие кәсіпкерге өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді, – дейді ол.
Серік Манапұлы алдағы уақытта цехты кеңейтіп, қосымша тігін машиналарын алып, кәсіп ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындары үшін мұндай бастамалар шабыт беріп, кәсіп ашуға деген сенімін арттыра түсетіні айқын.


