Түркістан қаласы: Яссы мен Шауғар шағын ауданының дамуы бақылауда

Oinet.kz 26-11-2025 5

_35.jpg

Түркістан қаласы Яссы шағын ауданында инженерлік-инфрақұрылы жүйесінде біраз жұмыс атқарылған. Атап айтсақ, шағын ауданда таза ауыз сумен қамту деңгейі 99,5 пайызды құрады. Кәріз жүйесін жетілдіру мақсатында екі ірі жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Яссы және Ыждыхат тұрғын үй массивтерін сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» жобасы. Жоба толық іске асқанда Оралман аумағындағы ескі желілер мен насостар жаңартылып, жүйе тұрақты жұмыс қалпына түспек. Ал электрмен қамту мәселесін шешу мақсатында 2026 жылы жоғары кернеулі желілерге «реклоузер» құрылғыларын орнату және 6 жаңа тарату пунктін салу көзделген. Бұл шара апатты жағдайлар санын 40-50 пайызға азайтады деп күтілуде.

Жол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биыл 70 шақырымнан астам 89 көшеде асфальт төсеу жоспарланып, 84 көшеде жұмыс толық аяқталған. Қала аумағындағы аялдамалар саны 683-ке жетіп, биылғы жылы Яссы секторына қосымша 34 аялдама орнатылған. Сондай-ақ абаттандыру саласында да біршама жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Кентау тасжолының бойында балалар ойын алаңы пайдалуға берілсе, алдағы айда Хақназар хан көшесіндегі жабық футбол алаңының жасөспірімдердің игілігіне берілмек. Сонымен қатар, Көккөл, Пальма сквері, Жолбарыс хан және өзге де көшелердегі 15 ойын және воркаут алаңы жөндеуден өткізілген.

Осы атқарылған жұмыс барысы туралы округ тұрғындары алдында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баяндап, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен бөлісті. Қала басшысының айтуынша, шағын аудан тұрғындарымен кездесуде 23 мәселе көтерілсе, оның 8-і дер кезінде шешімін тапса, 15-і кезең-кезеңімен, кейбірі заң аясында жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, қала әкімі Шауғар шағын ауданының тұрғындарымен де кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен таныстырды. Шаһар басшысы аудан тұрғындармен ашық диалог жүргізіп, инфрақұрылым, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар және қоғамдық орта сапасын арттыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар жайын жан-жақты хабардар етті. Бұған дейінгі өткен алдыңғы кездесуде Шауғар секторынан барлығы 23 мәселе көтерілген болатын. Оның 19-ы заң аясында түсіндіріліп, 4 мәселе толық шешімін тапқан.

– Қаланың даму жоспарына байланысты шаһар аумағында атқарылып жатқан инженерлік инфрақұрылым желілері бойынша атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары жыл соңына қарай аяқталып, кейбір нысандар пайдалануға берілуде. Бұған дейін құрылыс жұмысы талапқа сай атқарылып, ел игілігіне берілген нысандар да бар. Мұндай жұмыстарды Шауғар шағын ауданынынан да уөруге болады. Инфрақұрылым бойынша айтсақ, Шауғар секторында таза ауыз суға қосылу деңгейі бүгінде 99,5 пайызды құрады. Ал кәріз жүйесімен қамту бағытында үш ірі жоба іске асырылуда. 1-кезекте 104,7 шақырым желінің 103 шақырымы тартылып, нысан 2026 жылға өтпелі. 2-кезек құрылысы биыл толық аяқталады. 3-кезекте 172 шақырым желі тарту жұмыстары жалғасуда. Тәуке хан даңғылынан вокзал аумағына дейінгі көшелерді кәріз жүйесіне қосу 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру бойынша биыл «Шауғар» секторында 3 жаңа ойын және спорт алаңы салынды. Абылай хан көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылды. Төле би – Сабырханов көшелерінің қиылысындағы МАФ орнату жұмыстары 95 пайызға орындалды. Ш.Ниязов көшесіндегі жабық стадион құрылысының да 95 пайызы аяқталып отыр, – дейді қала әкімі.

Бұдан бөлек, жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында сектордағы 36 көшеге асфальт төсеу жоспарланса, бүгінгі таңда 23 көшеде жұмыстар толық аяқталып, 13 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы тағы 67 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жарықтандыру бойынша көшелердің 98 пайызы жарықтандырылған. Сондай-ақ қоғамдық көлік бағыттары да тұрақты қызмет көрсетуде. Биыл қала аумағына 16 жаңа автобус әкелініп, бірнеше бағытқа қосымша көліктер енгізілді. Жыл басынан бері секторда 42 жаңа аялдама орнатылған.

Қос шағын аудандағы кездесу соңында қала әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әзімбек Пазылбекұлы әрбір өтініш назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Сауран: Қос округте атқарылған жұмыс көп
Ордабасы: «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – агросаланы көтеру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу