Сарыағаш: Тегісшіл ауылының тірлігі жемісті

Oinet.kz 20-11-2025 4

Screenshot_7.jpg

Сарыағаш ауданының Тегісшіл ауылдық округінде де атқарылып жатқан жұмыстар округ тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, инфрақұрылым, кәсіпкерлік бағытта көп жұмыстар атқарылған.

Мәселен, Таскескен елді мекенінің А.Омаров көшесіндегі 60 жарық шамына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ө.Атабеков көшесінің 0,6 шақырымына тас жол төселген. Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерінде таза ауыз су құбырын тарту жұмыстары жалғасын табуда. Қ.Қалшатұлы көшесінде кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңшасының құрылысына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Мәдениет елді мекенінде кіші футбол алаңшасы мен балалар ойын алаңшаларының құрылысы толық аяқталып, тұрғындар игілігіне берілген. Сонымен қатар, 75 орындық мәдениет үйі ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Тегісшіл елді мекенінде Ш.Ибрагимов көшесіндегі ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын жаяу жүргінші жолы салынуда. Каналдар мен қашыртқыларды тазалау бағытында округ аумағында орналасқан «Ақпарақ» каналының 3 шақырымы, «Сарүйсін шыған» қашыртқысының 6 шақырымы және «Құркелес» қашыртқысының 17 шақырымдық бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Сондай-ақ аудан әкімі Арман Абдуллаев Тегісшіл ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен жақынырақ танысты. Округке қарасты Тегісшіл елді мекеніндегі Ш. Ибрагимов көшесіндегі жаяу жүргінші жолын салып жатқан «Bairkum company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерімен кездесіп, құрылысты талапқа сай кестеден кешіктірмей аяқтауды міндеттеді. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары қыркүйек айында басталған болатын. Сонымен қатар, аудан басшысы Таскескен елді мекенінде жүргізіліп жатқан Т.Омаралиев, Ақбосаға және Жетіқыр көшелерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы нысандарының да барысымен танысты. Бұл жобаның мердігері – «FS Development Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тапсырыс беруші – «Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі». Құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталып, сол жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда, нысан бойынша 2100 метр таза ауыз су құбыры тартылып, су құдықшалары толық орнатылған. Аудан әкімі нысан басында құрылыс сапасына назар аударып, мердігерге бірқатар ескертулер берді. Сонымен қатар, жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Арман Абдуллаев және аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы Тегісшіл ауылдық округінде орналасқан «Айша» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аудан басшысы  шаруа қожалығының жұмысына оң баға беріп, мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдап, аудан тарапынан барлық қажет қолдау көрсетілетінін айтты. Қожалық иесі мал бордақылау алаңының құрылымы мен жұмыс бағыттарын егжей-тегжейлі таныстырды. Аталған алаңның сыйымдылығы 800 бас, қазіргі таңда 500 бас жылқы бар. Жобаның жалпы құны 150 миллион теңге. Ауылдың 10 азаматы  тұрақты  жұмыспен қамтылған. Шаруа қожалығының қызметі мал өнімділігін арттыруға, жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығында тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Аудан әкімі сапары барысында Тегісшіл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, округтің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесін баяндады. Тұрғындар жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан әкіміне өз алғыстарын білдірді.

Осыдан кейін аудан әкімі Сарыағаш қаласында «Келешек мектебі» жобасының аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысына соғып, нысанның ондағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Сарыағаш қаласына қарасты Б.Оспанов көшесінде 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Аудан басшысы құрылыс нысанына арнайы барып, жобаның мән-жайын пысықтады. Сөйтіп мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімге сәйкес, сапалы түрде аяқтауды тапсырды.

Қазіргі таңда, мектепке арналған құрал-жабдықтарды құрастыру жұмыстары жүргізіліп, құрылыс нысанында 10 адам жұмыс атқаруда. Сонымен қатар,  ішкі тазалық жұмыстары мен стадионның сыртқы қоршау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетсек, аталған мектептің құрылысы аудан тұрғындары үшін сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға, оқушы орын тапшылығын жоюға және білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.

Сарыағаш: Дарбаза ауылдық округінде атқарылған жұмыс көп
Арыс қаласы: Қалаға қарасты ауылдық округтерде инфрақұрылым жұмыстарында серпіліс бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу