Арыс қаласы: Қалаға қарасты ауылдық округтерде инфрақұрылым жұмыстарында серпіліс бар

Арыс қаласында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер өз шешімін тапқан. Қала әкімі Қайсар Маңқараевтың айтуынша, шаһарға қарасты Ақдала ауылында атқарылған жұмыс көп. Атап айтсақ, биыл Ақдала ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған. Соның бірі – заманауи үлгідегі жаңа спорт залының ашылуы. Сонымен қатар осы жоба аясында Ақниет-1, Ақниет-2 және Парасат көшелеріне асфальт жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Және ауылға арнайы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ашылып, пайдалануға берілген.
Қала әкімінің осыған дейінгі ауыл тұрғындарымен болған кездесулерінде ауыл халқы көтерген бірқатар түйткілдер оң шешімін тауып отыр. Әсіресе, Ақдала қиылысына бағдаршам орнату мәселесі жергілікті тұрғындарды ұзақ уақыт толғандырған еді – бүгінде бұл жерде жаңа бағдаршам жұмыс істеп тұр. Ауылдағы жеті көшенің ескі жарық шамдары жаңартылып, Абай көшесіне жаңадан жарық жүйесі жүргізілді. Ал мектепке апаратын М.Мақатаев көшесінде балалар қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар бірнеше орынға бейнебақылау камералары орнатылып, көше атаулары бар аншлагтар жаңартылды.
Әкім қатысқан көктемгі кездесулердің бірінде П.Арапов елді мекенінің тұрғындары балалар ойын алаңшасы мен жол мәселесін көтерген болатын. Бүгінде екі мәселе де шешімін тауып, елді мекенде заманауи ойын алаңы салынып, Кемел көшесіне асфальт төселді. Алдағы уақытта Ақдала және П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылмақ.
Осы жолға қала әкімі Қайсар Маңқараев қос ауыл тұрғындарымен тағы жүздесіп, еркін форматта кеңес құрды. Атап өтерлігі, кездесуде қала әкімі алдымен ауылды дамыту бағытында атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға қысқаша тоқталып, кейін тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Мұнда тұрғындар тарапынан ағын су, егістік жер, қоғамдық автобустарды көбейту, сондай-ақ кей көшелердегі таза ауыз су жүйесінің тозуы секілді өзекті мәселелер көтерілді. Қала әкімі Қайсар Маңқараев айтылған барлық ұсыныс пен мәселені мұқият тыңдап, оларды заң аясында шешу үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Қала әкімінің келесі кездесуі Дермене ауылдық округінде жалғасты. Мұнда да еркін форматта өткен жиында ауылдың бүгінгі даму барысы, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланып, тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселелер тыңдалды. Қала әкімі әрбір салаға жеке тоқталып, округ аумағында және жалпы қала көлемінде жүзеге асқан жобаларды нақты деректермен баяндап берді. Сонымен қатар алдағы межеленген жоспарларды жүйелі түрде таныстырды.
– Қала аумағында биыл көп жұмыс атқарылды. Мәселен, биыл округ аумағында ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес, Қаражантақ елді мекеніндегі Ақжусан көшесі, Дермене ауылындағы Әдіхожаев көшесі және Орманды елді мекеніндегі Думан көшесі жарықтандырылды. Сонымен қатар Орманды және Қаражантақ елді мекендерінде жаңа балалар ойын алаңшалары салынды. Инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылды. Теміржолшы елді мекенінде 3 көшеге, Қаражантақтағы №1 көшеге және Қызылкөпірдегі №1 көшеге қиыршық тас төселді. Сонымен бірге Дермене мен Теміржолшы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су сорғылары жаңартылды. Ал Қаражантақ елді мекенінде жаңа су ұңғымасы қазылып, қолданыстағы таза ауыз су жүйесіне қосылды, – деп атап өтті қала басшысы.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары ағын су тапшылығы, жаңа ауыл клубының құрылысы және қараусыз қалған нысандарды ретке келтіру мәселелерін көтерді. Барлық ұсыныстар мен өтініштер арнайы хаттамаға енгізіліп, қала әкімі көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесуден кейін қос оуруг тұрғындарын Қайсар Маңқараев жеке қабылдап, әрбір сауалға қолданыстағы заң аясында жауап берді.


