Түркістан қаласында экономикалық оң динамика қалыптасып отыр

Түркістан қаласы облыстық рейтинг бойынша екінші орынға көтерілген. Қала бойынша жалпы 84 нысаналы индикатор бекітіліп, олардың басым бөлігі бойынша оң динамика байқалған. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды. Бұл жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Жиында Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Булегенов баяндама жасап, есепті кезең қорытындыларымен таныстырды. Өз кезегінде қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы мәжіліс барысында бірқатар салаларға тоқталып, полиция басқармасының жұмысына сын айтты. Ол құқықбұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының көбеюі тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ, жолаушылар көлігі, құрылыс және коммуналдық шаруашылық салаларының жұмысы сынға алынды. Әкім қаржыландыру жоспарына негізсіз өзгерістер енгізу және мемлекеттік сатып алу барысында айыппұлдардың орын алу себептерін егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.
Бұдан кейін Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімшесінің басшысы Ердәулет Төрехан баяндама жасады. Ол есепті кезеңде құжат айналымы, хаттамалық тапсырмалар мен бақылау жүйесі бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Сонымен қатар, азаматтарды жеке қабылдау жұмыстарына талдау жасалды. 2025 жылдың 9 айында қала әкімі 14 жеке қабылдау өткізіп, 146 азаматтың өтінішін тыңдаған. Ал қала әкімінің орынбасарлары 70 қабылдау өткізіп, 349 азаматты қабылдаған. Мәжіліс қорытындысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Жылдың соңғы тоқсаны – қорытынды кезең. Әрбір бөлім өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауы қажет. Формализмге жол берілмейді. Барлық тапсырмалар мен көрсеткіштер – менің жеке бақылауымда», – деді қала басшысы.
Бұдан кейін қала басшысы шаһарда жүзеге асырылып жатқан құрылыс және абаттандыру бағытында жүргізіліп жатқан жобалардың барысымен танысты. Қаладағы құрылыс нысандарын аралау барысында қала басшысы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Жалпы 5,2 гектар аумақты қамтитын бұл жобада сатып алынатын арендалық және кредиттік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Мұнда 6 арендалық үй, 512 пәтер мен 3 кредиттік үй салынуда. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 75 пайызды құраған. Қала әкімі нысандарды аралау барысында құрылыс сапасына ерекше назар аударып, жұмыстарды мерзімінде және сапалы аяқтау қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, қала басшысы 26-шы көше бойындағы жаяу жүргінші жолының құрылыс жұмысы барысымен танысты. Мұнда жол төсемін дайындау, жиектастар орнату, бетондау және ішкі бөлікке тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін жұмыстар сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ, аралау барысында қала әкімі қалалық прокуратура ғимаратының құрылыс алаңына барып, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысын тексерді. Жауапты мердігерлерге жобаны уақытылы әрі сапалы аяқтау бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Бұдан бөлек, Әзімбек Пазылбекұлы 5000 орындық мешіт аумағындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда көгалдандыру, жарықтандыру және аумақты көркейту шаралары жүргізілуде. Ал сапар соңында Әзімбек Пазылбекұлы Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелеріндегі жабық футбол алаңдарының құрылыс жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда екі нысандағы жұмыстардың орындалу деңгейі 90 пайызға жеткен.


