Түркістанда жақсы инвестициялық климат қалыптасты

Oinet.kz 21-11-2025 7

Screenshot_5.jpg

Түркістанда инвестициялық климатын жақсарту, өңірге отандық және шетелдік капиталды тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткішін 1 триллион 427,1 миллиард теңгеге жеткізу міндеті жүктелген. 9 айдың қорытындысымен облыстың капиталына тартылған инвестициялар көлемі 1 триллион 12,2 миллиард теңгені құрады. Сөйтіп өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,9 пайызға жоғары.

Бұдан бөлек, 2025 жылға 475 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған. Жалпы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу мен экономикалық өсімді нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасып, бұл бағытта тұрақты жұмыстар жалғасуда. Жоба толық іске асқан жағдайда 23915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8250 тұрақты жұмыс орны ашу көзделген. Қазіргі уақытта 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылған.  

Жалпы жыл басынан бері 92-ден астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР,  Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде арнайы аймақтарда белсенді қоспалар мен дәрумендер өндірісі, кеңселік қағаз өндірісі, сэндвич-панельдер мен еден жабындарын өндіру, тамшылатып суару жүйелерін енгізу, балыққа арналған құрама жем өндіру және өсімдік майын өндіру жобалары іске асырылуда.  Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, жүзеге асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.

Мәселен, Түркістан ауданында «Түлкібас» теміржол вокзалы ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде нысанның бірінші қабаты толық көтеріліп, екінші қабаттың құрылыс жұмыстары басталған. Жоба жоспарға сай іске асуда. Мердігер мекеме өкілдерінің мәліметінше, жыл соңына дейін ғимараттың шатыры жабылып, ішкі әрлеу және аяқтау жұмыстары толықтай жүргізілмек.

Сондай-ақ Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен әріптестік орнату бойынша келіссөздер жүргізуде. Сол келіссөздер аясында өңір басшысы облыста инвестрларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өткен болатын. «Бүгінгі күні Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Біздің өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан мақта талшығын экспорттаушы ел ретінде танылса, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан жіп, мата және киім-кешек өндірісін ашуға және дамытуға зор әлеует бар. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақта салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы инвесторларға қолдау көрсетілуде. Біз инвесторлармен бірлескен жобаларды іске асыруға және барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз», – деді Нұралхан Көшеров.

Келес: Ауылдардың инфрақұрылымы мен тазалығына көңіл бөлінуде
Түркістан қаласында экономикалық оң динамика қалыптасып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу