Келес: Ауылдардың инфрақұрылымы мен тазалығына көңіл бөлінуде

Келес ауданында елді мекендерді инженерлік инфрақұрылымдармен қамту жұмыстары жоспарлы жүзеге асып жатыр. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, бүгінгі күні аудандағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл – жалпы халықтың 77 пайыздан астамы таза ауыз сумен қамтылды деген сөз. Ал қалған 19 елді мекенің 15 елді мекенінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 4 елді мекен эканомикалық тиімсіз болып табылады. Бүгінде жалпы құны 10,4 миллиард теңгені құрайтын 12 ауылда су жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Дегенмен, кейбір ауылдарда жер асты суларының төмендеуі мен ұңғымаларда құмның көбеюі сияқты қиындықтар бар. Осыны ескере отырып, ауданда 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары қабылданған. Бұл жоспар аясында жаңа ұңғымалар қазу, ескі ұңғымаларды жөндеу, су жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру, сондай-ақ тұрғындарға суды үнемдеу мен дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету» тапсырмасы аясында ауданда тиісті жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні таза ауыз су құбыры 12 елді мекенде тартылуда. Бұл ауылдардың қатарында Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Кеңдала, Көгерту, Ақжар, Қосөткел және тағы басқа елді мекендер бар. Біз бірінші кезекте құрылыстың сапасына ерекше назар аударып отырмыз, –деді Мақсат Тұрдиев.
Бүгінгі таңда Кеңдала, Ақжар, Көгерту және Оңтүстік ауылдарында құрылыс аяқталып, жүйелерді тазалау және сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ескіқорған және Құйған елді мекендерінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, аудан бойынша 278 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 2,6 шақырым тереңдікте ұңғымалар қазылған. Бұл – мыңдаған тұрғынның таза ауыз суға қол жеткізуіне жол ашқан үлкен нәтиже.
Сондай-ақ мұндай инфрақұрылым жұмыстары Біртілек ауылдық округінде де жалғасын тауып келеді. Аудан әкімінің сөзінше, бұл округте бүгінге дейін көп жұмыс атқарылған, әлі де атқарылып жатқан жобалар бар. Атап айтсақ, округ тұрғындарының өтініші негізінде Ораз Ата елді мекеніндегі канал қашыртқылары тазартылса, Еңбекші ауылындағы жол жөндеу және жаяу жүргінші жолын салу мәселелері сараптамадан өтіп, қаржы қаралған жағдайда атқарылуын күтуде. Көлтоған елді мекеніндегі ішкі көшелерге асфальт жабыны төселіп, орталыққа жарықтандыру шамдары орнатылған. Сонымен қатар, Амангелді және Жолбасшы елді мекендерінде шағын футбол алаңшалары пайдалануға берілсе, Біртілек ауылында кіші футбол алаңы ағымдағы жөндеуден өткізілген. Елді мекендерде жол төсемдер, лотоктар орнату, шағал тас төсеу және көпірлерді жөндеу сияқты жұмыстар да қоса атқарылуда. Сондай-ақ, электр желілері мен трансформаторларды орнату, аялдамалар салу сияқты әлеуметтік жобалар бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Тағы бір атап өтерлігі, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Жүзімдік ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде, мұнда бірқатар жұмыстардың атқарылғанының куәсі болдық. Аудан әкімі өзі айтқандай, мұндағы Жүзімдік ауылындағы №31 Ш.Уәлиханов мектебі маңына жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы сызылған. Оңтүстік елді мекенінде 106 жер учаскесі бөлініп, инфрақұрылым жүргізу жұмыстары басталып кеткен. Бірлесу ауылында егістік жерлерге су жеткізу үшін Бесабдал каналының 600 метр бөлігі тазартылған.
Бұдан бөлек, Жәнібек Ағыбаевтың сөзінше, Жүзімдік ауылында жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен «Азиямед» емдеу орталығының құрылысы аяқталып, нысан осы қараша айында пайдалануға берілмек. 11 көше жөнделіп, 3,8 шақырым жол жаңартылған. Оңтүстік елді мекенінде 40 үй таза ауыз сумен қамтылса, Ақсу ауылында 156 абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға арналған желі жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталып, келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Ал жеке кәсіпкердің бастамасымен салынып жатқан минералды су зауыты келесі жылы іске қосылмақ.
Бұл округтерде өткен кездесу барысында аудан әкімі тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға, көгалдандыру мен көркейтуге белсене қатысуға шақырды. Ол Президенттің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына тоқталып, ауылды көркейту – баршамыздың ортақ парызымыз екенін айтты. Осы тазалық мәселесіне тоқталар болсақ, кеше Келес ауданының орталығы Абай ауылында «Тегін көшет ал да өз ағашыңды отырғыз» атты күзгі ағаш егу акциясы өтті. Аталған жұмыстарға аудандық әкімдік қызметкерлері, өңір ардагерлері, кәсіпкерлер, тазалық қызметкерлері және еріктілер қатысты. Шараның басты мақсаты аудан аумағын көгалдандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. «Бұл игі бастама ауданымызда тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары азаматтарымызды тазалық мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Ауданымыздың әрбір тұрғыны осындай шараларға қатысу арқылы өз қоғамына, өз отбасына және табиғатты аялауы тиіс. Бұл шара тек бір күндік жоба емес дәстүргі айналған шара болуы тиіс», – деді аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Атап өтер болсақ, ағаш егу жұмыстарына 30-дан астам адам жұмылдырылды. Белгіленген жоспар бойынша күз мезгілінде аудан көлемінде 25 мыңнан астам тал егу жоспарланған. Ағаш көшеттері көршілес Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесіне қарасты тұқымбақтардан жеткізілуде. Сондай-ақ барлық ағаштардың маңына суару жүйелерімен толықтай қамтылған.


