Ордабасы ауданы мен Қытай елі арасында экономикалық байланыс арта түсті

Oinet.kz 14-11-2025 4

579517446_849085040964837_5444986122803767493_n-800x400.jpg

Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жобалар көп. Өңірдің дамуына соны серпін беріп отырған қытай компанияларының үлесін жоққа шығаруға болмайды. Қай салада болмасын ордабасылықтардың қытай кәсіпкерлерінен үйренері көп-ақ. Екі ел арасындағы әріптестікті, экономикалық байланысты арттыру мақсатында Ордабасы ауданынан аудан әкімі Азат Оралбаевтың жетекшілігімен аудан кәсіпкерлері Қытай Халық Республикасының Таншань қаласына барып, ондағы кәсіпкерлердің жұмыс барысымен танысты.

Бұл әріптестік байланыстың мақсаты – екіжақты экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және жаңа серіктестік бағыттарды айқындау. Делегация өкілдері осы мақсат аясында «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясының жұмысымен жақынырақ танысты. Бұл кәсіпорын мал сүйектерін өңдеу арқылы май және желатин компоненттерін өндіріп, түрлі өнім шығарып, нарыққа шығарып отыр екен. «Tanshan Huating PoreelainCo 6 LTD» компаниясы мен Ордабасы ауданы әкімдігі арасында бұған дейін өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Келісім аясында әкімдік тарапынан жер телімі бөлініп, тиісті инженерлік-инфрақұрылым желілерін тарту және жобаны сүйемелдеу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі уақытта кәсіпорынның құрылысы басталып, жобаның іске асырылуы кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Сол сияқты мұнда жұмысын жолға қойған «Chenlong» компаниясы жасанды интеллект негізінде басқарылатын дрондар өндірісімен айналысуда. Бұл авто-мектептің жұмысы ордабасылық кәсіпкерлердің де қызығушылығын тудырды. Ал «Tangan» компаниясының машина жасау өндірісін аралап, төтенше жағдайларға арналған жабдықтар шығару орталығының қызметі соңғы жылдары жандана түсіпті. Аталған орталық жыл сайын 60 мыңнан астам түрлі жабдықтар өндіріп келеді екен. .

Бұдан бөлек, Азат Оралбаев бастаған делегация Таншань қаласындағы қалдықтарды өртеп, электр қуатын өндіретін компанияның жұмысын көріп, энергияның баламалы көздерін тиімді пайдалану тәжірибесін зерделеді. Бұл сапар екі ел арасындағы экономикалық және технологиялық байланыстарды тереңдетуге, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді және ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ аудан әкімі Азат Оралбаев бастаған делегация Шандон провинциясына қарасты Шугуан ауданында да болды. Шугуан ауданының халқы 1,1 миллион адам. Жалпы жер аумағы 2000 шаршы шақырым болса, оның 6700 гектары жабық жылыжай шаруашылығына арналған. Бұл өңір көкөніс өнімдерін өндіру мен экспорттау саласында Қытайдағы жетекші аймақтардың бірі саналады. Өнімдері халықаралық нарықта экологиялық таза және сапалы ауыл шаруашылығы өнімі ретінде кеңінен танылған.

Іссапар барысында делегация «Shandong Shuguang» автоматтандырылған жылыжай кешенінде болды. Жалпы аумағы 880 гектарды құрайтын нысанда 34 түрлі ауыл шаруашылығы өнімі өсіріледі және сапалы тұқымдар шетелге экспортталады. Келесі кезекте Таншан провинциясындағы алғашқы жылыжай тарихына арналған музейге барып, өңірдің жылыжай шаруашылығының дамуы мен дәстүрлі көкөніс өсіру әдістерімен танысты. Делегация Чиңжоу пленка зауытының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын жылыжай құрылысына арналған жоғары тығыздықтағы пленка өнімдерін шығарады, жылдық қуаттылығы – 40 мың тонна. Сонымен қатар, делегация Шугуандағы гүл және көкөніс өсіретін жылыжайлардың жұмысымен танысты. Бұл іссапар аудандағы ауыл шаруашылығы саласына шетелдік тәжірибені енгізу мақсатында, агроөндірісі  жоғары деңгейде дамыған Шугуан өңіріндегі заманауи технологияларды және жылыжай шаруашылығын зерделеуге  бағытталды.

Сөйтіп екі ел арасындағы келіссөздер аясында Ордабасы ауданында бірнеше жобаны жүзеге асыру келісілді.

Туризм саласында шетелдік әріптестермен тығыз әріптестік байланыс орнатылды
Келес: Ауылдардың инфрақұрылымы мен тазалығына көңіл бөлінуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу