Түркістан облысында жылыту маусымының қауіпсіздігі – тұрақты бақылауда

Oinet.kz 16-11-2025 5

TASS_4374901.jpg

Түркістан облысында жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өткізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі қазандықтар температуралық кестеге сай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу тұрақты берілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің аппарат жиынында берген мәліметіне сүйенсек, аймақта көмір отынының қажеттілігі 580,4 мың тоннаны құраса, бүгінде 442,5 мың тоннамен қамтылған. Сондай-ақ теміржол тұйықтарында 75 мың тонна көмір қоры жинақталған.

Ал өңірде газбен жабдықталып, іске қосылған елді мекендердің ішінде жалпы 334007 абонент бар. Оның ішінде, бүгінгі таңға дейін 320656 абонент газға қосылса, ал 9647 абоненті газға қосылмаған. Қалған 3704 абонент бос учаске немесе құжаты жоқ абоненттер. Бүгінде абоненттерді газға қосу үшін аудан, қала әкімдіктері «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалымен бірлесе тиісті жұмыстар жүргізуде. Ал Газ инспекция мекемелері газбен уланудың алдын алу шараларын күшейткен. Бүгінде жауапты тұлғалар облыс бойынша жалпы 77265 жеке және көпқабатты тұрғын үйді аралап, қауіпсіздік шараларын түсіндірген.

Жылыту маусымының қалыпты өтуі Сайрам ауданында да бақылауға алынған. Мұнда аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлының төрағалығымен өткен жиында қысқы маусымға дайындық және жолдарды күтіп ұстау мәселелері талқыланған. Яғни қыс мезгілінде жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қар тазалау және көктайғақтың алдын алу бағытындағы жұмыстар әкімнің жеке бақылауында тұр. Бүгінгі күні «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 700 м³ құм, 300 тонна тұз және 30 тонна реагент қоры дайындалған. Қар тазалау мен көктайғақтың алдын алу жұмыстарына 6 КДМ техникасы, 2 мини-трактор және 140 қызметкер дайындалыпты. Ол басқосуда аудан әкімі жауапты мекемелерге қысқы маусымға толық дайын болуды, жолдарды дер кезінде тазалау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Бүгінгі күнге дейін «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан 11 ауылдық округте жалпы саны 90-нан астам көшеге 1160 тонна асфальтобетон пайдаланылып, шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген. Ал «Оңтүстік жолдары» мекемесімен бірге аудан жолдарын күтіп ұстау, аялдамаларды ретке келтіру және орташа жөндеуді қажет ететін көшелерді қалпына келтіру жұмыстары да пысықталған.

Қазығұрт ауданында да жылыту маусымының қауіпсіздігі тұрақты бақылауда. Мұнда қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында түсіндіру шараларымен қатар, тұрғын үйлерге газ сигнализаторларын орнату жұмыстары да бірге жүргізілуде. Жалпы мұнда тұрғын үй секторында, әсіресе көпқабатты үйлерде, тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану ережелерін сақтау, улы газдан уланудың алдын алу және төтенше жағдайлардың туындау қаупін төмендету бағытында түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаралардың басты мақсаты – аудан тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және жылыту маусымының қауіпсіз әрі тұрақты өтуін қамтамасыз ету болып табылады.

Түркістан қаласында экономикалық оң динамика қалыптасып отыр
Түркістан облысындағы заманауи тұқымбақтарда өсірілген ағаштар өңір экологиясын жақсартуда үлес қосу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу