Қазығұрт: Округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асыр

Ауылдық округтерде ел игілігіне асырылып жатқан жобалар көп. Ол жұмыстармен ауыл әкімі есебінде жақынырақ танысудың мүмкіндігі туды. Мәселен, аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың С.Рақымов ауылы округінің тұрғындарымен болған кездесуде мұнда да бірқатар жобалардың жоспарланып, көп шаруаның атқарылғанына көзіміз жете түсті.
Қандай жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, округтегі С.Рақымов атындағы орта мектебінің алдындағы көшеге демеушілер есебінен шағал тас төселген. Ендігі кезекте асфальт жабынын төсеу жоспарлануда. Ал осы мектептің құрылыс жұмысында мердігер тарапынан кеткен кемшіліктер «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан түзетілуде. Құжаттары да реттелуде. Ал Көкібел елді мекені А.Құралов көшесінің С.Рақымов көшесімен қосылған жеріндегі Келес өзеніне қарай 300 метр жолға латок салу үшін қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Сондай-ақ осындағы Айқынбай батыр көшесі мен Жастар көшесі арасындағы қалып кеткен 1 шақырым көшеге ауыл әкімінің ұсынысына сәйкес құжаттар дайындалуда.
Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, Жаңабазар ауылы округінде бұған дейінгі кездесуде 9 мәселе көтерілген. Бүгінгі күні 3 мәселе толық шешімін тауып, 6 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда. Көтерілген мәселелердің сапалы әрі толық орындалуы үшін тиісті дербес бөлімдер мен аумақтық мекемелер тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аталған мәселелер аясында Жаңабазар ауылы округіндегі «Қисық қорған» және «Қожамберді» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Жаңаталап елді мекенінің жоғары жағындағы үйлерге таза ауыз су құбыры абонент ретінде жеке қаражат есебінен жүргізіліп отыр. Ал Жаңабазар және Үлгілі елді мекендерінің арасындағы көпірге жарықтандыру шамдарын орнату үшін, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, оның жобалық құны 14,1 миллион теңгені құрап отыр. Қаржыландыру үшін бюджет қарауына ұсынылған.
Бұдан бөлек, округі бойынша қаңғыбас ит, мысықтарды аулау «Ветеринариялық қызмет» мекемесінің мал дәрігерлері тарапынан тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жаңабазар елді мекені А.Баратов көшесіндегі тозығы жеткен 3 электр бағанын ауыстыру жұмыстары демеушілер есебінен осы айында жүргізу көзделген. Ал Тілектес елді мекеніндегі Бостанов көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына 646,9 миллион теңгеге сараптама қорытындысы алынып, «Асем Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылып отыр. Бұл нысан 2026 жылға өтпелі.
Жайылым мәселесіне келсек, округіндегі жайылым жерлерді ортақ жайылымға қайтару бойынша сот органдары арқылы 2024 жылы 3 агроқұрылымның 41 гектар 2025 жылы 1 заңды тұлғаның 96 гектар жайылым жерлері мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Одан бөлек, ақпан айында облыстық жұмысшы топпен Жаңабазар ауыл округінен мал бастары тіркелмеген 101 агроқұрылымның 3022 гектар жайылым жері анықталған. Бүгінгі таңға келісім шарттарын біржақтама бұзу үшін хабарлама берілген. Мерзімі келген соң сотқа жолданбақ. Жаңаталап елді мекеніндегі Рысымбетұлы, Суықбұлақ көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына сараптама қорытындысы алу үшін 407,8 миллион теңгегенің жобалық-сметалық есебі әзірленіп, техникалық құжаттары порталға жүктелді. «Жеңіс» мектебіне 150 орындық жаңа типтік мектеп ғимаратының құрылысына ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 7 миллион теңгеге «QAZ BUILDING PROJECT LPP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың қорытындысы алынды. Облыстық салалық басқармаға қаржыландыру үшін ұсыныс жолданды.
– Тұрғындармен өткізілген кездесудің басты мақсаты – халықтың талап-тілегін тыңдап, өткен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысын талқылау және алдағы жоспарлармен бөлісу. Мәселен, Алтынтөбе ауылы округінің тұрғындарымен болған бұған дейінгі кездесуде 5 мәселе көтерілген болатын. Оның ішінде 2 мәселе толық шешімін тапса, 3 мәселе зерделену үстінде. Атап айтар болсам, Қаржан елді мекеніндегі таза ауыз су ұңғымасына жаңа насос орнату жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында жүргізіліп, тұрғындар орталықтандырылған таза ауыз суға қосылды. Мұндағы көшелердің жалпы ұзындығы 47,7 шақырымды құрайтын 23 көше бар. Бүгінгі таңға барлық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал Тілеубаев көшесіндегі 37 үйдің тозығы жеткен электр бағаналары мен электр желілері «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Инвест» жобасына сәйкес 2026 жылы ауыстырылады. Ол үшін 2480 метр СИП электр желісін тартып, 62 электр бағанасын орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, Қаржан мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бүгінгі таңға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, салалық басқармаға ұсыныс хат жолданды. Сондай-ақ елді мекендегі Ж.Керімқұлов көшесіндегі қалып кеткен 4 тұрғын үйдің электр желілері мен бағаналарын ауыстыру жұмыстары демеушілер есебінен ағымдағы жылдың соңына дейін ауыстыру жоспарланған, – дейді аудан әкімі.
Жоғарыда аталған ауылдық округтерде болған кездесулерде аудан әкімі Азизхан Исмаилов тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, көтерілген барлық мәселелердің назарда болатынын және олардың шешілуі тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жұмыстар кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.


