Сарыағаш: Қала мен ауылдық округтерде инфрақұрылым жүйелері жаңғыртылуда

Oinet.kz 16-11-2025 9

Screenshot_7.jpg

Сарыағаш ауданына қарасты қала мен ауылдық округтерде жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстары аудан әкімі Арман Абдуллаевтың тұрақты бақылауында. Алдымен өңір басшысы Сарыағаш қаласын көркейту және абаттандыру бағытындағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында қала аумағын аралады. Қала әкімі А. Ешанқұлға нақты тапсырмалар жүктеп, барлық жұмыстардың сапасы мен мерзімін жіті бақылауда ұстауды тапсырды.

Аудан әкімі Қызылорда көшесінде жүргізіліп жатқан бірқатар жобалармен, соның ішінде балалар спорт және ойын алаңының құрылысы, сондай-ақ түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстарының барысын да көрді. Қазіргі таңда бұл көшеге 15 жарық шамы орнатылуда. Бұл шаруаны «Таза-Қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асыруда. Сонымен қатар, балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін спорт және ойын алаңшасының құрылысын «Энерго ВЭС» мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.

Сарыағаш ауданында бұқаралық спортты дамыту мақсатында түрлі спорттық нысандар саны артып келеді. Өңір басшысы Арман Абдуллаевтың тапсырмасымен қазан айында Жемісті ауылдық округінде шағын стадион мен балалар ойын алаңында пайдалануға берілді. Бұл нысан округке қарасты Тың елдімекенінде орналасқан. Оның құрылысын жауапкершілікпен атқарған «DARA 2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бүгінгі күні ауыл балалары жаттығу жасап, жарыстарға қатысып жүр. Сондай-ақ жуырда ауданға қарасты Дербісек ауылдық округінде де жаңа спорт кешенінің ашылу салтанаты өткен болатын. Спорт кешенінің құрылысы жеке инвестор «Sport Arena Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілген. Нысанның жалпы аумағы бір гектар, ал жоба құны 55 миллион теңгені құрайды.

Сонымен қатар ауданда ауылдық округтерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да жалғасын табуда. Мәселен, аудан әкімі Ақжар ауылдық округінде инфрақұрылыммен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін пысықтады. Аудан басшысы жұмыстардың сапасын бағалап, анықталған кемшіліктерді дер кезінде қалпына келтіруді жауапты мердігерлерге тапсырды. Бақылауды ауылдық округ әкімі Серік Спатаевқа жүктеді.

Аудан әкімі Бағыс елді мекеніне қарасты Егемендік, Түркістан, Бейбітшілік және Алматы көшелерінде жүргізілген жарықтандыру жұмыстарының сапасын тексерді. Аталған жұмыстарды «Energo ВЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Оның құрылыс жұмыстары осы жылдың маусым айында басталып, қазіргі таңда толық аяқталған. Сонымен қатар, Ақжар ауылдық округінің Д.Қонаев көшесінің бойында  темірбетон науа орнату жұмыстарын «Bairkum Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Оған қоса, Бағыс елді мекенінің ішкі көшелеріне асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары атқарылған.

Сондай-ақ аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл шаруашылығы жерлерін ағын сумен қамту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаның барысын пысықтады. «47 канал» арнасы Жібек жолы, Қабланбек және Қызылжар ауылдық округтері аумағынан өтеді. Каналдың жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайды, оның ішінде Қызылжар ауылдық округіне тиесілі бөлігі – 3 шақырым. Бұл аумақта шаруа қожалықтары орналасқан. Қызылжар ауылдық округі аумағындағы шаруашылықтарды тұрақты ағын сумен қамту мақсатында «Фронтовой» каналынан 47-каналға насос арқылы қосымша су беру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, электр желілері мен құбырлар тартылып, насос орнатылып, іске қосылды.

Қазіргі таңда, 47-каналға насос арқылы су тасталып, соңғы қоршау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері – «ҚазТех Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстарын осы айдың соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтады. Аудан басшысы Сіргелі елді мекеніндегі ішкі көшелерге жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін саралады. Кездесу барысында мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріп, жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Тұрсынбаевқа техникалық қадағалауды күшейту, Қабланбек ауылдық округінің әкімі Н.Турдалинге күнделікті бақылау мен үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазіргі таңда Сіргелі елді мекенінің Қызқұдық көшесінде ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын асфальт жамылғысын төсеу, сондай-ақ жаяу жүргінші жолы мен суағар салу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын мердігер «Bairkym Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Тапсырыс беруші – Сарыағаш аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Аудандағы осы және басқа да инфрақұрылым бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аудан әкімінің тұрақты бақылауында.

Сарыағаш: Округтерде атқарылған жобалар ел игілігіне берілуде
Қазығұрт: Ауылдық округтерде игілігін ел көретін игі істер атқарылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу