Ақшаны ақылмен басқар
Қолда бар қаржыны басқару – бұрын тек экономистер мен қаржыгерлердің ісі секілді көрінетін. Алайда бүгінгі заманда әр отбасы, әр азамат өз табысын тиімді жұмсауды, шығынын жоспарлауды, қаржылық тәуекелдерден қорғануды үйренуі қажет. Өйткені қаржылық сауаттылық – адамның ғана емес, қоғамның да тұрақтылығын қалыптастыратын маңызды қабілет.

Бүгінгі нарықтық заманда қаржы әлемі – аса күрделі жүйе. Ақша дұрыс басқарылса – мүмкіндікке, дұрыс басқарылмаса – қиындыққа айналады. Сондықтан қаржылық мәдениетті меңгеру – әр адамның өз болашағына жасаған инвестициясы.
Елімізде соңғы жылдары қаржылық сауаттылықты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мектептерде арнайы пән ретінде енгізіліп, балаларды ерте жастан ақшаны бағалай білуге үйрету – өмірлік маңызды дағдының бастауы. Өз табысын есептеп, өз қажеттілігін ажырата білуге дағдыланған жас ұрпақ ертеңгі күні экономикалық жауапкершілікті жоғары деңгейде сезінетін болады.
Ал ересектер үшін түрлі тренингтер, семинарлар, онлайн курстар ұйымдастырылып келеді. Мамандардың айтуынша, қаржылық сауатты адам несие мен депозиттің айырмасын ажыратумен шектелмейді. Ол – қауіпті тәуекелдерден сақтана алады, табысын көбейтудің жолын біледі, алдындағы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, болашағын жоспарлай алады.
Әлеуметтанушылар қазақстандықтардың қаржылық сауаттылық деңгейі соңғы жылдары артып келе жатқанын айтады. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2021 жылы елдің қаржылық сауаттылық индексі 39,52%-ды құраған болса, 2022 жылы 40,3%, 2023 жылы 40,5%-ды көрсеткен. Аз да болса әйтеуір жыл сайынғы өсім байқалады. Ал 2025 жылы республиканың 41,5 %-ы қаржылай сауатты болады деген жоспар болған. Дегенмен, қуануға әлі ерте. Себебі халықтың басым бөлігінің қаржылық сауаттылық деңгейі әлі де төмен болып тұр. Бұл, әсіресе, жоғарыда атап өткеніміздей несие рәсімдеуде, инвестициялық таңдауда байқалады. Тәжірибелі деген кәсіпкерлердің өздері жалған жарнамаға алданып қалып жатыр. Сондай-ақ, шешім қабылдау кезінде адамдар эмоцияға беріліп, несие, қарыз, инвестицияның келешегіне көз жүгіртпей, сол сәттегі тығырықтан шығудың жолын ғана іздейді дейді сарапшылар. Оның үстіне ақпараттық технологияның дамуы интернет алаяқтарының да мүмкіндігін кеңейтуде. Интернет қауіпсіздігі, жеке бастың құпиялылығы секілді мәселелер қазіргі таңда Қазақстанда өзекті проблемалардың бірі болып тұр.
Қазақстандықтардың несиеге бейімділігін ескерген үкімет енді банктер мен микроқаржы ұйымдарына несие беру ережелерін қатаңдатуды тапсырды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен (ҚНРДА) жаңа қаулыда егер қарыз алушының айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, оған несие рәсімделмейтіндігі айтылған. Сондай-ақ адамның барлық несиелері айлық табысының 50%-ынан асып кетсе, жаңа қарыз алу мүмкін болмайды. Бұл бастама халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға бағытталған дейді мамандар.
Осы орайда экономист Мақсат Халық несие алу кезінде бірнеше мәселені ескерген жөн дейді. Халықтың микроқаржы ұйымдарынан несие алуы жақсы үрдіс емес екенін айтқан ол мұндай ұйымдарға жоламауға кеңес береді. «Несие рәсімдеген кезде келісім-шартты мұқият оқып шығу керек. Мәселен, кей банкте «Несиеден 7 пайыз ұстап қаламыз» деп анық жазылады. Сондай-ақ, «Инфляция жағдайына байланысты банк пайызын қайта қарастыруы мүмкін» деген пункт болады. Соған мән беріп, егер ұнамаса ашып айту керек. Сіз ол шартқа қол қойсаңыз, банк қайта қаржыландырып жіберсе, несие пайызыңыз қайта өсіп кетуі ықтимал. Ең алдымен табыс деңгейіне қарап, әр отбасы кіріс-шығысын есептеп, реттеп отыру керек»,- деді ол.
Қаржылық сауаттылық – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Ол азаматтардың табысын дұрыс жоспарлауға, артық қарыздан сақтануға, жинақ пен инвестицияны тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бүгінде ел азаматтарының 40 пайызы қаржылай сауатты болғанымен, бұл дамыған елдерге қарағанда төмен көрсеткіш екені анық. Қаржылық сауаттылық – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Ол азаматтардың табысын дұрыс жоспарлауға, артық қарыздан сақтануға, жинақ пен инвестицияны тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан Қазақстанда халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл тақырып тек Үкіметтің бас қатыратын мәселесі емес. Өйткені қаржы саясаты барлық адамның өміріне тікелей қатысты дүние. Жарқын болашақты аңсайтын әрбір азамат қаржылай сауатты болуға талпыну керек. Мамандар ел ішіндегі қаржылық сауатсыздықты жою үшін әлі де қаржы алаяқтарынан сақтану, несие алу мәдениеті, цифрлық қауіпсіздік секілді тақырыптағы ашық материалдарды, бейнероликтерді, түсіндірме жұмыстарын күшейту керек деп есептеді. Сондай-ақ, отбасылық қаржы мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Отбасылық бюджетті жоспарлау, балаларды ерте жастан ақшаны дұрыс жұмсауға үйрету – қаржылық тұрақтылықтың негізі. Әр отбасы табыс пен шығынды бақылауды дағдыға айналдыруы керек. Банктер мен сақтандыру ұйымдары өз қызметтері туралы ашық әрі түсінікті ақпараттар ұсынса, бұл да тұтынушылардың дұрыс шешім қабылдауына әсер етер еді. Халықтың өз құқықтарын білуі және қорғауы – қаржы жүйесіне сенімді арттырады.
Қаржылық сауаттылық – экономикалық тұрақтылықтың және әлеуметтік мәдениеттің негізі. Қаржылық сауатты азамат өз табысын тиімді басқарып, ел экономикасының дамуына үлес қосады. Қаржылық сауаттылықты арттыру – Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-әрекеті арқылы қаржы мәдениеті жоғары, экономикалық тұрғыдан жауапты азаматтар буыны қалыптасады. Бұл – елдің болашағына салынған сенімді инвестиция.


