Ана мен баланы қорғау – мемлекет ұйытқысы
Қазақстан – кең байтақ, көгілдір аспанымен, алтын даласымен мақтана білетін ел. Бірақ шын мәнінде оның нағыз байлығы – әр отбасының шаңырағында өсіп келе жатқан бала, әр үйде тыныштық пен жылылық сыйлайтын ана. Міне, дәл осы байлықты қорғау – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Қазақстан Республикасында ана мен баланы қорғау мәселесі мемлекет үшін әлеуметтік басымдықтардың бірі болып табылады. Мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар әйелдердің және балалардың құқықтарын қорғауға, олардың денсаулығын жақсартуға, білім алуына, әлеуметтік қамқорлыққа бағытталған. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай прогресс байқалып отыр.
Қазақстанда ана мен баланы қорғау саясаты – тек қағаздағы қаулы емес, күнделікті өмірде жүзеге асқан қамқорлық, жылылық пен сүйіспеншіліктің көрінісі. Жүктіліктің алғашқы күнінен бастап әр әйел мемлекет тарапынан қолдау алады: медициналық тексерулер, қажетті дәрі-дәрмек, психологиялық кеңестер алуда. Себебі ана денсаулығы – мемлекеттің болашағының кепілі.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ана мен бала өлімін төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдауға ерекше басымдық берілген. Осыған байланысты министрлік 2030 жылға дейін ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жоспарын бекіткен. Елімізде аналар мен балалар денсаулығы бойынша Орнықты даму мақсаттарының индикаторларына қол жеткізілді деген министр 2024 жылы ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендесе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен ана өлімінің көрсеткіші 10%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 26%-ға төмендегенін алға тартады. Сонымен қатар, жаңа туған сәбилердің өмір сүру көрсеткіші де айтарлықтай жақсарып келеді. Мамандардың соңғы мәліметтеріне сүйенсек, бұл көрсеткіш 88%-дан 93%-ға дейін өсіпті. Бұл жарық дүниеге келген кішкентай жүректердің өмір сүруге деген талпынысының көрінісі ғана емес сонымен қатар еліміздегі педиатриялық және перинаталдық көмектің сапасы артып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.
Ананы қорғау мен қолдау – болашаққа салынған инвестиция секілді. Себебі дені сау, бақытты ана саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелейді. Осы тұрғысынан алғанда елімізде аналарды материалдық, психологиялық көмектер жан-жақты көрсетіліп келеді. Мұндай қызмет түрлері бүгінде бір орталыққа шоғырландырылған. Ол «Ана үйі» деп аталады. Аталған мекемеде нәзік жандылар құқықтық, әлеуметтік көмектер ала алады. Айталық заңдылық жағынан мамандардың көмегіне жүгіне алады, сондай-ақ білімін жетілдіру, кәсіп ашуға алғашқы қадам жасау, тұрақты жұмысқа орналасу секілді қызметтерді ала алады. Міндеті мен жауапкершілігі таудай мұндай орталықтар республиканың 19 қаласында орналасқан. Алматы қаласының өзінде мұндай 4 орталық жұмыс істейді. Алғашқы үй Астана қаласында пилоттық режімде ашылып, кейіннен тиімділігі артып еліміздің барлық қалаларында іске қосылған.
Әлемдегі бала туу көрсеткіші жоғары елдердің қатарына Қазақстан да кіреді. Елімізде балалар халықтың 34%-ын құрайды. Отанымыздың басты байлығы - балаларды қорғау мақсатында мемлекет балаларға ұзақ мерзімді қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Биыл әр балаға орташа 130 АҚШ доллары бөлініп, 324 мыңнан астам бала қамтылды дейді мамандар. Көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар балалары бар отбасыларға бағытталған әлеуметтік көмек көлемі де жыл сайын артып келеді. Айталық, 2025 жылдан бастап ерекше қажеттілігі бар балалардың күтіміне арналған жәрдемақы мөлшері 15%-ға көбейіп, ай сайынғы төлем 75 мың теңгеге жеткен. Бұл тек қаржылай емес, моральдық тұрғыдан да үлкен қолдау екені рас.
Көп балалы аналар – қоғамның тірегі, отбасының жүрегі. Олар әр күнін балаларға арнап, үйдегі тыныштық пен жылылықты сақтайды. Мемлекет бұл еңбекті жоғары бағалап келеді. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы – тек қаржылай көмек емес, олардың еңбегіне деген құрметтің, әлеуметтік қолдаудың белгісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақылар жалпы 846,5 мыңнан астам отбасыны қамтып, оларға 501,8 млрд теңгеден аса қаржы төленген. Көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақымен 603 мың отбасы қамтылып, оларға 436,5 млрд теңге төленген. Ал наградталған аналарға (Алтын алқа, Күміс алқа, Батыр ана және «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері) 243,4 мың адам ие болған. Бұл санатқа жалпы 65,2 млрд теңге бағытталған. Министрлік 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға артқанын атап өтті.
Ана мен баланы қорғауға бағытталған саясат — тек демография немесе әлеуметтік көмектен гөрі, қоғамның тұрақтылығы, болашақ ұрпақтың сапасы, балалардың құқықтары мен дамуы, қоғамдағы теңдік пен әлеуметтік әділеттікке негіз.


