Жастарға жол ашқан бастамалар

Oinet.kz 25-10-2025 6

      Соңғы жылдары Қазақстанда халықты жұмыспен қамту саясаты жаңа серпін алып, еңбекке ынталандырылған қоғам қалыптастыру бағытында ауқымды қадамдар жасалып келеді. Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін өзекті мәселелердің бірі. Жастар – кез келген мемлекеттің болашағы, ел дамуының қозғаушы күші. Сондықтан олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

2018100513213720269_zhastar-1-900x_.jpg (900×508)

      Жастар арасындағы жұмыссыздықтың себептері көпқырлы. Біріншіден, еңбек нарығында тәжірибесіз мамандарға деген сұраныстың аздығы байқалады. Көптеген жұмыс берушілер тәжірибелі қызметкерлерді іздесе, жаңа бітірген түлектерде ондай тәжірибе болмайды. Екіншіден, кей жастар өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, басқа салаға кетуге мәжбүр. Бұл — мамандық пен еңбек нарығы арасындағы сәйкессіздіктің айқын көрінісі. Үшіншіден, кей өңірлерде жұмыс орындарының жетіспеушілігі де жастар арасындағы жұмыссыздықты арттырады.

     Мемлекет бұл мәселені шешу үшін түрлі бағдарламаларды іске асыруда. Мысалы, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен – ауылға!» сияқты жобалар жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпкерлікке бейім жастарға арналған «Жас кәсіпкер» және «Бизнес бастау» бағдарламалары бойынша гранттар мен жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл бастамалар жастарды өз ісін ашуға, еңбек нарығында белсенді болуға ынталандырады.

      Бұдан бөлек, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, дуальды оқыту әдісін кеңейту де жастарды еңбекке даярлаудың тиімді жолдарының бірі. Өйткені өндірістік тәжірибеден өткен түлек еңбек нарығына тез бейімделеді.

        Мамандар биылғы жылдың жеті айлық қорытындысы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасымен  9,1 мың адам жұмысқа орналасқанын айтады.  Жоспар бойынша жыл соңына дейін  38,9 мың жас қазақстандық  жұмыспен қамтылуы тиіс.Аталған жобаның игілігін көп көргендердің үштігінде Түркістан  (2,1 мың адам), Жамбыл  (802 адам), Қызылорда (775 адам) облыстары тұр. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек «Жастар практикасына» қатысатын әйелдердің үлесі 62,7% немесе 5,4 мың адамды, ал ауыл тұрғындарының  үлесі – 5 мың адамды немесе 58,1%-ды құрап отыр.

     Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту — қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағын қамтамасыз етудің басты шарты. Осы бағытта мемлекет тарапынан қабылданған шаралармен қатар, әрбір жастың өз қабілетін дамытуға, жаңа мамандықтарды меңгеруге ұмтылысы да маңызды. Тек мемлекет пен жастардың өзара белсенді іс-қимылы нәтижесінде ғана тұрақты жұмыспен қамтылған, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған жастар буынын қалыптастыруға болады.

        Жұмыссыздықпен күрестің басты шарты – әр азаматтың өз ісіне деген жауапкершілігі мен еңбекке деген құлшынысы. Мемлекет мүмкіндікті ұсынып отыр, ендігі міндет – оны тиімді пайдалану.

TITF-2025: Сайрам ауданы қытай инвесторларымен меморандумға қол қойды
Еңбек еткен елдің келешегі кемел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу