Түркістанның инвестициялық әлеуеті жоғары бағаланды

Oinet.kz 30-09-2025 10

Screenshot_7.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау аясында Түркістан облысында экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Облыстың инвестициялық әлеуетін арттыру, халықаралық әріптестікті нығайту және өңірдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуды мақсат еткен жаңа бастамалар белсенді түрде жүзеге асырылуда.

Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытай Халық Республикасының Гуандун провинциясының нарықты реттеу әкімшілігі мен Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау орталығының өкілдерімен іскерлік кездесуде жүздесті. Басқосуда тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, Қытай тарапынан сертификаттау жобасын іске асыру, арнайы платформа құру және өндірістік ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты таныстырылды.

Зұлпыхар Жолдасов өз сөзінде өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетіне тоқталып, Түркістан облысы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға әрдайым ашық екенін жеткізді.

– Түркістан облысында өнеркәсіптің белсенді дамуына ықпал ететін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Инвесторлар үшін 4 мың гектар аумақта орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және 20 индустриялық аймағы бар. «TURAN» АЭА қатысушыларына жеңілдіктер қарастылады. Әкімдік тарапынан «Бір терезе» қағидасы аясында толық сүйемелдеу жұмыстарын жүргіземіз. Ірі жобаларға инженерлік инфрақұрылым тартуға, жер телімін таңдауға, жобаны ілгерілетуге тікелей көмек көрсетеміз. Біз Түркістан облысы мен Қытай елінің инвесторлары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы аймағының сертификаттау жобасы ҚХР Мемлекеттік нарықты қадағалау басқармасы мен аймақтың тиісті мекемелерінің қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба жергілікті өнімдерді Гуандун-Гонконг-Макао нарығына шығару, бренд беделін арттыру және тұтынушылардың кең ауқымын қамтуға мүмкіндік береді. Аталмыш бағдарлама үш аймақтың сертификаттау ұйымдары мен нарық субъектілерін біріктіріп, ауыл шаруашылығы өнімдері, өнеркәсіптік тауарлар, жасыл құрылыс материалдары және қызмет көрсету саласындағы сапаны арттыруға бағытталған.

Қытайлық инвесторлар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді. Олар өңірдің табиғи өнімдеріне Қытай нарығында жоғары сұраныс бар екенін айтып, Түркістан өнімдерін көршілес елдер мен ішкі нарыққа шығаруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, Қытайдың бірнеше провинциясында бизнес-форумдар ұйымдастырып, өңірдің мүмкіндіктерін таныстыруға ниет білдірді.

Кездесу барысында шетелдік делегация Түркістан облысындағы өндірістік парктермен танысып, жұмыс барысын бақылады. Өндіріс алаңдары мен логистикалық инфрақұрылымды аралау арқылы тараптар жобалардың іске асу мүмкіндіктерін бағалады. Бұл бастамалар өңірдің экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық инвестицияны тартуға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.

Жалпы Түркістан облысы мен Қытай инвесторлары арасындағы ынтымақтастық жаңа серпінге ие болып, өңірде өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға толық жағдай жасалуда. Жаңа инвестициялық бастамалар тек экономикалық өсімге ғана емес, сонымен қатар аймақтың халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға мүмкіндік береді.

Мақта кластерін дамытуға ден қойылды
Уран өндірудегі серіктестік нығая түспек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу