Уран өндірудегі серіктестік нығая түспек

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Францияның жетекші «Orano» компаниялар тобының басшысы Николя Маспен ресми кездесу өткізді. Жұмыс сапары аясында ұйымдастырылған кездесуге Франция тарапынан келген делегация мүшелері де қатысты.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Әсіресе, уран өндіру саласындағы халықаралық серіктестік пен тәжірибе алмасудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Облыс басшысы шетелдік инвесторларға өңірде қолайлы инвестициялық жағдай жасалып отырғанын, сондай-ақ аймақ экономикасының дамуына бағытталған мемлекеттік қолдау мен ынталандыру шаралары іске асырылып жатқанын жеткізді.
Француз делегациясы тарапынан «Orano» компаниясының стратегиялық жобалары мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Кездесу аясында Николя Мас Созақ ауданында орналасқан «Қазақстандық-Француздық бірлескен кәсіпорын «КАТКО» ЖШС-ның жаңа басшысы Закариа Эл Марзукиді ресми түрде таныстырды. Облыс әкімі жаңа басшыны құттықтап, кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық дамуға қосар үлесін арттыруға және жергілікті тұрғындар үшін жаңа әлеуметтік жобаларды іске асыруға шақырды.
Сонымен қатар, Нұралхан Көшеров 2022 жылдың қаңтар айынан бері KATКО компаниясын бас директор ретінде басқарған Бастьен Паскальға атқарған еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның болашақ қызметіне сәттілік тіледі. Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Бастьен Паскаль «Orano Canada Inc.» компаниясының бас директоры лауазымын атқаратын болады.
Кездесу қорытындысында екі тарап уран өндірісі мен энергетика саласында ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және бірлескен жобаларды тиімді іске асыруға ниет білдірді. Мұндай стратегиялық байланыстар Түркістан облысының халықаралық инвестициялық имиджін арттыруға және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына жаңа серпін береді.






