Мақта кластерін дамытуға ден қойылды

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамыту, халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы басты басымдық – жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, экспорт әлеуетін арттыру және өңір экономикасын әртараптандыру.
Жетісай ауданында мақта дақылын өндіруші шаруалардың мәселелерін шешу мақсатында өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен ірі шаруа қожалық төрағалары қатысқан жиын өткізілді. Аудан әкімі Серік Үсенұлы шаруалардың басты уәжі – өнім бағасының әділ болуы мен қаражаттың уақытында төлену екенін атап өтті. Сонымен қатар, мақта қабылдау бекеттеріндегі алдау және зертханаларда сапаны қасақана төмендету жағдайлары жол берілмеуі тиіс екенін ескертті.
– Маңызды мәселелерді талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Ауылдық округтерде өткен кездесулерде шаруалардың айтатын бірінші мәселесі – ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің, соның ішінде мақтаның бағасы. Шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегі зая кетпесін. Мүмкіндігінше дұрыс баға шығарыңыздар. Шаруаларға өткізген мақталарының ақшасын уақытылы төлеп, созбалаңға салушы болмаңыздар, – деді аудан басшысы.
Қазіргі таңда аудан аумағында 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Мақта зауыттары халықаралық саудагерлермен (трейдерлермен) жұмыс жасап, бағаны сапа мен сұраныс негізінде белгілейді. Серік Үсенұлы зауыт басшыларына тек мақтаны қабылдап қана қоймай, оны қайта өңдеуге де назар аударуды ұсынды. Бұл аудан аумағында 79,3 мың гектар жерге мақта егілетінін ескере отырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.
Күзгі жиын-терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 мақта терім комбайны дайын. Жеңілдетілген дизель отыны 1 933,8 тонна бөлінген, ал алдын ала болжам бойынша гектарынан 27 центнер өнім алынуы күтілуде.
2025 жылғы Президент Жолдауында өңірлерде инвестициялық жобаларды дамыту, халықаралық әріптестікті нығайту, цифрландыру мен инновациялық өндірістерге қолдау көрсету басты міндет ретінде белгіленген. Осының аясында Мақтаарал ауданында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының іргетасы қаланды.
Жобаның жалпы инвестициялық құны – 123 млрд теңге. Ашылатын 3 000-нан астам жұмыс орны аймақ үшін әлеуметтік-экономикалық серпіліс әкеледі. Индустриалды парк аясында электр жабдықтары, төмен вольтты жүйелер, автоматтандыру, пилотсыз ұшу аппараттары, күн және жел энергетикасы жабдықтарын өндіру жоспарлануда. Бұл жобалар өңірді техникалық-инновациялық кластерге айналдыруға мүмкіндік береді.
Қытай Халық Республикасының инвесторлары мен Вэньчжоу қаласының Сауда департаменті өкілдері жобалардың сапалы әрі мерзімінде іске асатынын, екі елдің стратегиялық серіктестігі аясында өңдеу өнеркәсібін дамытуға күш салатындарын айтты. Бүгінде Қытай Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар бойынша ТОП–5 инвестор ел қатарына кіреді, ал Түркістан облысы бойынша тауар айналымы 296 млн АҚШ долларына жеткен.
Облыс аумағында жалпы көлемі 2 397 гектар болатын 20 индустриалды аймақ пен 4 000 гектарлық «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Сонымен қатар, «Шағын өнеркәсіптік парктер» құрылып, жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
«Орталық Азия» ХӨКО орталығы өңірде ең ірі логистикалық, өндірістік және кооперациялық платформаға айналады. Мұнда 2027 жылға қарай 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, 13 мыңға жуық жұмыс орны құрылмақ. Жобалар аясында жаңартылатын энергия, цифрлық өндіріс, автоматтандыру және жасанды интеллект саласындағы заманауи шешімдер енгізіледі.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде бірқатар стратегиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы экономиканы әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық серіктестікті нығайтуға белсенді түрде атсалысуда. Мақта дақылын тиімді өндіру, қайта өңдеу және индустриалды аймақтарды дамыту арқылы облыс өңір экономикасының жаңа деңгейіне көтерілуде.






