Инвестициялық жоба Келес өңірінің экспорттық әлеуеттін арттырмақ

Oinet.kz 30-09-2025 10

Screenshot_6.jpg

Келес ауданында шетелдік инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен маңызды стратегиялық кездесу өтті. Жиын барысында аудан аумағында 10 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, сондай-ақ жоғары технологиялық мал сою бекеті мен ет өнімдерін терең өңдеу кешенін ашу жобалары кеңінен талқыланды.

Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Түркиялық инвесторларға өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған жобаны бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

 – Біз үшін ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі. Осындай ауқымды жобалар Келес ауданының дамуына тың серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасындағы әріптестікке қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз, – деп атап өтті аудан басшысы.

Жобаның жалпы құны 15 млн АҚШ долларын құрайды. Инвесторлар тарапынан қаржыны құю үшін кәсіпкерге жер телімін рәсімдеу қажеттігі айтылды. Аудан әкімдігі жобаның жүзеге асуына толық қолдау көрсетіп, жер қатынастары бойынша барлық тиісті шараларды қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

Кездесу барысында аудан басшысы мен инвесторлар Бозай ауылдық округінде жоспарланған жоба аумағына барып, іс жүзіндегі жағдаймен танысты. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер 4 277 ірі қара мал, оның ішінде 1 500 асыл тұқымды «қалмақ сиыры», сонымен қатар 9 200 уақ мал өсіріп, алдағы өндіріс көлемін кеңейтуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Жобаның іске асуы бірнеше стратегиялық нәтижеге жол ашады. Біріншіден, Келес ауданында жаңа жұмыс орындары құрылады, екіншіден, өңірдің экспорттық әлеуеті артып, ет өнімдерін қайта өңдеу саласы дамиды. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы саласы жаңа технологиялар мен жоғары өнімділік деңгейіне қол жеткізеді. Сонымен қатар, жоба жергілікті шаруалар үшін тұрақты нарық қалыптастырып, сапалы өнімді ішкі және сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігін арттырады.

Аудан әкімі жобаның барлық кезеңінде инвесторлармен бірге белсенді бақылауды қамтамасыз етіп, оның мерзімінде және сапалы іске асырылуына басымдық беретінін айтты. Бұл бастама Келес ауданын агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары, заманауи ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы дамыған өңірге айналдыруға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары
Мақта кластерін дамытуға ден қойылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу