Тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары

Түркістан қаласында тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз ету, инфрақұрылым жүйесін жаңғырту және туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Құрылыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында, барлық нысандар сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қатаң қадағаланып отыр.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев қаладағы әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарын аралап, жауапты мердігерлермен кездесті. Ол құрылыс жұмыстарының сапасын, инженерлік инфрақұрылымның толықтығын және абаттандыру жұмыстарын тексерді.
«Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңында асфальттау, бетон төсеу, жаяу жүргіншілер жолын салу және жарықтандыру жұмыстары 95%-ға орындалған. Құрылысқа «Қаратас Майнинг» ЖШС жауапты. №36 көшеде де жолдар мен жарықтандыру жұмыстары пысықталуда.
Аппарат басшысы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңына барып, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, желдету және ауа тазарту жүйелерін орнату барысын бақылады. Ғимаратқа 6 техника мен 79 жұмысшы жұмылдырылған, құрылыс жұмыстарын «Ернур «Строй и К» ЖШС жүзеге асыруда. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары тексерілді. Тұрғын үй аумағы абаттандырылып, айналадағы жолдар мен көше бойындағы инфрақұрылым пысықталды.
Қаладағы көпфункционалды атшабар алаңында да құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. 99,3 гектар аумақта орналасқан кешенде 1 500 орындық трибуна, жазғы және қысқы қоралар, атжарыс алаңы, көкпар және конкур алаңдары қарастырылған. Құрылысқа 43 техника мен 174 адам жұмылдырылған. Ішкі инженерлік желілер тартылып, ішкі және сыртқы әрлеу, шатыр жабу, жер тегістеу және дренаж төсеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды осы жылдың қарашасына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Еркебұлан Дауылбаев құрылыс сапасын қатаң бақылауға алып, анықталған кемшіліктерді түзетуге уақыт берді. Мердігерлерге жұмыс күшін арттыру, сапаға мән беру және мерзімінен кешікпей құрылыс жүргізу міндеттелді.
Түркістан қаласында инфрақұрылым жүйесін дамыту мен тұрғын үй құрылысы бағытындағы барлық жұмыстар сапалы және мерзімінде аяқталуы үшін тұрақты бақылау жүргізілуде. Бұл қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, туризм мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.


