Су шаруашылығын жаңғырту жобаларының берері мол

Oinet.kz 30-09-2025 11

su.jpeg

Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану саласында тағы бір маңызды қадам жасалды. Ордабасы ауданы, Қарақұм ауылында орналасқан «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны базасында суару жүйелеріне арналған параболалық бетон лотоктар шығаратын өндіріс ашылды. Жаңа өндіріс жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, шаруаларға сапалы өнім ұсынуға және экспорт әлеуетін арттыруға бағытталған.

Параболалық бетон лотоктарды каналдарға орнату арқылы су шығынын 40%-ға дейін азайтуға болады. Бұл – еліміздің су ресурстарын үнемдеуге бағытталған нақты әрі тиімді қадам. Лотоктар ЛР6, ЛР8, ЛР10 маркаларында шығарылады және болашақта ішкі нарықпен қатар Еуропа елдері мен Қытайға экспортталуы жоспарлануда.

Өндіріс алаңында тәулігіне 45 дана лоток шығарылады. Жоба құны – 350 млн теңге, жаңа өндіріс 20 тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етті. Зауыт бетон араластыру қондырғысы, бу қазандығы, порталды кран, арматуралы сетка тоқу жабдықтарымен толық жабдықталған. Өнімнің нарықтағы бағасы 20-30%-ға төмен, бұл жергілікті шаруалар мен су шаруашылығы құрылымдары үшін үлкен жеңілдік болып отыр.

«Тұран су» кәсіпорны 2019 жылы құрылып, мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы жүйелерін күтіп ұстау, жөндеу және пайдалану жұмыстарын жүзеге асырады. Қазіргі уақытта кәсіпорында 20 су қоймасы, 3 су торабы, 110 канал, 3 өндірістік-техникалық база және 81 арнайы техника бар. Жалпы көлемі 108,1 мың гектар егістік ағын сумен қамтамасыз етіледі, ал кәсіпорында 400-ден астам маман еңбек етуде.

Облыс әкімдігінің қолдауымен су шаруашылығын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда: 3,6 млрд теңгеге 60 арнайы техника сатып алынып, оның 24-і аудан және қала әкімдіктеріне берілді, бұл арқылы 1 200 шақырым каналдар мен қашыртқылар тазаланды; 650 млн теңгеге «Су үнемдеу технологиясы өндіріс желісі» іске қосылып, жылына 9 мың гектар егістікке қызмет көрсетеді; Ислам даму банкі қаржысы есебінен 63,2 млрд теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, 130 шақырым канал бетонмен қапталады, нәтижесінде 10,1 мың гектар жер ағын сумен қамтылатын болады; Қосымша 73,6 млрд теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарланып, 166 шақырым каналды жаңғыртып, 53,3 мың гектар суармалы алқаптың су өткізу қабілетін арттыру көзделуде.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орнының іске қосылуын ерекше атап өтіп, оның аймақ экономикасына қосар үлесін атап өтті. Ол бұл жобаның ауылды өркендету, халықты тұрақты жұмыспен қамту және су ресурстарын тиімді пайдалану жолындағы стратегиялық мәнін айтты.

Бюджетке тәуелділікті азайтуға мән берілді
Тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу