Түркістанда маңызды әлеуметтік нысандар бой көтермек

Oinet.kz 30-09-2025 17

485626939_978403124478589_1863981483127517473_n-768x469.jpg

Түркістан қаласы мен облысында әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі құрылыс және өнеркәсіп салаларын жүйелі аралап, жауапты сала басшылары мен қала әкімдерінен жоспарланған жобалардың барысын тыңдап, нақты тапсырмалар берді.

Түркістан қаласында алдағы жылдары бірқатар әлеуметтік нысан бой көтермек. М.Абенова мен Тоған көшелерінің қиылысында жаңа қалалық әкімдік ғимараты салынады. Жобалық ауданы 1,4 гектарды қамтитын жаңа ғимарат «Караван сарай» мен «Қолөнершілер орталығы» кешендерімен үйлесімді стильде жасалып, құрылыс жұмыстары 14 айда аяқталмақ.

Сондай-ақ, Есімхан алаңы маңына «Руханият орталығы» салу жоспарланып отыр. 0,44 гектар аумаққа орналасатын екі қабатты ғимарат 7 ай ішінде пайдалануға беріледі. Қаладағы Н.Төреқұлов көшесінде «Асыл мұра» саябағы құрылыс жұмыстары 10 ай ішінде аяқталады деп күтілуде. 6,2 гектар аумақты қамтитын саябақтың 4,2 гектары абаттандырылып, заманауи демалыс аймақтарына айналады.

Облыс әкімі Н.Көшеров жобалардың халықтың өмір сапасын арттыруға, қолайлы орта қалыптастыруға қызмет етуі керектігін атап, құрылыс жұмыстарының ашықтығы мен сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар, өңірдің экономикалық дамуы агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы жүзеге асырылуда. Түркістан облысында «Түркістан Текстиль» ЖШС қолға алған тоқыма кластері аймақтың экономикалық болашағын айқындайтын маңызды жобаға айналды.

Бұл жобаның жалпы құны 86,5 млрд теңгені құрап, еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болып саналады. Жоба аясында 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Turkistan Textile» толық өндірістік цикл бойынша жұмыс істейді: элиталық сұрыпты мақта тұқымын өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнімді ішкі нарыққа және экспортқа шығару жоспарланған.

Облыс әкімі Н.Көшеров жобаның экономикалық мәнін атап, шикізатты өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдырудың маңыздылығын айтты.

– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл - Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деді ол.

Қазіргі таңда өндірістік корпустар мен жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы аяқталуға жақын. Бірінші кезең биыл іске қосылса, қалған бөлігі келер жылы пайдалануға беріледі. Жобаны Қытайлық «Lihua Group» компаниясы қаржыландырып отыр. Бұл халықаралық деңгейде жеңіл өнеркәсіп пен тоқыма өндірісі бойынша танымал инвестор болып табылады.

Түркістан қаласындағы әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары мен агроөнеркәсіп жобаларының бір уақытта дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін береді. Жобалардың іске асуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, аймақтың экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы бүгінде әлеуметтік инфрақұрылым мен өндірістің үйлесімді дамуы арқылы еліміздің маңызды экономикалық және мәдени орталығы ретінде қалыптасуда.

Тыңайтқыш өндірісінің әлеуеті зор
Агросалаға мол инвестициялар тартылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу