Агросалаға мол инвестициялар тартылуда

Жетісай ауданында инвестиция тарту мен жаңа жобаларды іске асыру арқылы жұмыссыздықты азайту және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, аудан әкімі Серік Мамытов шетелдік инвесторлармен және кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнатып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды талқылады.
«Горкем Тарым» компаниясының басшысы Горкемоглу Факуруллахпен кездесу барысында өндірістік жылыжайлар мен көкөніс сақтау қоймаларын салу, бау-бақша өсіру, мол өнім беретін көшеттерді тасымалдау және жеміс-жидектерді экспорттау мәселелері қаралды. Серік Мамытов инвестициялық жобаларды заң аясында қолдауға, оларды іске асыруда кедергісіз жағдай жасауға дайын екенін жеткізді.
Соңғы 5 жылда Мемлекет басшысының қолдауымен ауданға 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Алдағы мақсат – 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге жеткізу. Өткен жылы жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 262 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығының негізгі бағыты – мақта егу мен өңдеу. Түркістан облысының әкімінің тапсырмасына сәйкес, мақта науқанының барысы арнайы жұмыс тобы арқылы қатаң бақылауда. Аудан әкімдері, диқандар, мақта өңдеу зауыттарының өкілдері және құқық қорғау органдары мамандары қатысқан жиналыстарда биылғы жоспарлар мен өзекті мәселелер қаралды.
Жетісай ауданы биыл 116,2 мың тонна мақта жинауды жоспарлап отыр. Күзгі терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 комбайн дайындалған. Аудан аумағында 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 қабылдау бекеті жұмыс істейді.
Шардара ауданында 16 814 га мақталықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделсе, Мақтаарал ауданында егілген 35,1 мың гектар мақта алқабынан гектарынан 27,1 центнер өнім алу болжанып отыр. Ауыл округтерінде мақта қабылдау бекеттерінің дайындығы пысықталған.
Жиын барысында шаруалар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізсе, мақта өңдеу зауыттарының өкілдері өндірістік жоспарларымен бөлісті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдеріне шитті мақтаны сатып алу немесе терең өңдеуге инвестор тарту қажеттігін ескертті. Сонымен қатар мақта зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін саралап, қабылдау қуаттылығына нақты болжам ұсынуды тапсырды.
– Шаруалардың құқығын қорғау үшін бірыңғай сату-сатып алу келісімшарт үлгісімен жұмыс жүргізуді тапсырамын. Келісімшартта қаржы төлеу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс. Ортақ жұмысты күшпен емес, ақылмен атқарайық, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Жетісайдағы бұл жүйелі қадамдар – инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеуді дамытудың, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашудың нақты мысалы. Жаңа жобалар іске қосылған сайын ауданның экономикалық әлеуеті артатыны сөзсіз, ал фермерлер мен өңдеу кәсіпорындары тұрақты нарыққа қол жеткізеді.


