Тыңайтқыш өндірісінің әлеуеті зор

Түркістан облысы инвестициялық жобалар тартуда жаңа серпін алды. Өңірде Қытайлық ірі компания ауыл шаруашылығына арналған тыңайтқыш өндірісін ұйымдастыруға ниет білдірді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚХР-ның ауыл шаруашылығы және тыңайтқыш өндірісі саласындағы ең ірі компанияларының өкілдерімен кездесіп, инвестициялық жобаның нақты мүмкіндіктері мен стратегиялық маңызын талқылады. Келіссөздер барысында инвестиция көлемі 800 миллион АҚШ долларынан асатын өндіріс жобасы қарастырылып, логистика, инженерлік инфрақұрылым, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық қауіпсіздік мәселелері пысықталды.
Түркістан облысы – елімізде ауыл шаруашылығында жетекші орын алатын стратегиялық өңір. Жоба жүзеге асқан жағдайда, өңірде жылына 2 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш өндіретін зауыт бой көтеруі мүмкін. Бұл кәсіпорын Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі агроөндірістік нысандардың бірі ретінде бағаланады.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік әріптестерге жобаның негізгі басымдықтарын түсіндіріп, өндірісте заманауи, энергия үнемдейтін, экологиялық таза технологияларды қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі жобаның басты құрамдас бөлігі болып табылатыны айтылды.
– Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы үшін табиғи-климаттық, ресурстық және инфрақұрылымдық тұрғыда ең қолайлы өңір. Біздің өңір елдегі жалғыз мақта егетін аймақ қана емес, сонымен бірге жеміс-жидек, бақша дақылдары, мал шаруашылығы, суармалы егіншілік бағытында да айрықша әлеуетке ие. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шетелдік инвесторлармен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыш өндірісін дамыту – біздің аграрлық саясатымыздың басымдықтарының бірі. Жаңа жобаның жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
Жобаның іске асуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға тікелей әсер етеді. Жергілікті шаруалар қолжетімді әрі сапалы тыңайтқышпен қамтамасыз етіліп, ішкі нарық қажеттілігі толық өтеледі, сондай-ақ экспорттық әлеует артады. Жаңа зауыттың жұмысына 2 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, қосалқы өндірістер, логистика, қойма және қызмет көрсету салаларына да серпін беріледі.
Жобаның маңыздылығы тек экономикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік аспектілерде де көрініс табады. Жергілікті тұрғындар мен мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, кәсіпкерлікті дамытуға және ауыл шаруашылығы секторын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға жол ашылады.


