Сауранда жаңа өндірістік жобалар іске қосылмақ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі әрі қарқынды жүргізілуде. Осы орайда Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында инвесторлар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған меморандумға қол қойылды.
Келісім аясында Сауран ауданында жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі өндірістік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші жоба – Шаға ауылдық округінде салынып жатқан «Euro Sandwich Panel» ЖШС сэндвич-панель зауыты. Құны 2,1 млрд теңгені құрайтын нысан жылына 900 мың шаршы метр өнім өндіруге қабілетті болады. 2,5 гектар аумақты қамтитын зауыт 2025–2026 жылдары іске қосылып, 30 жаңа жұмыс орнын ұсынады.
Екінші жоба – Жүйнек ауылдық округінде бой көтеретін «JADO GROUP» ЖШС жиһаз фабрикасы. Аумағы 1,4 гектарды алып, құны 300 млн теңгені құрайтын өндіріс орнында айына 1000 дана өнім шығарылады. Бұл нысан да 2025–2026 жылдары пайдалануға беріліп, 30 адамға тұрақты жұмыс орны қамтамасыз етеді.
Жиында қатысушыларға кәсіпкерлікті қолдау мақсатында іске қосылған Шаға өндірістік алаңының қазіргі даму барысы таныстырылды. Бүгінгі күнге дейін алаңда 10 ғимарат пайдалануға беріліп, 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 30 өндірістік нысан іске қосылып, қосымша 70 гектар жер бөлінетін болады. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым жүйелерін дамыту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Сонымен қатар, Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ және Жүйнек ауылдық округтерінде құрылып жатқан шағын өндірістік алаңдардың жай-күйі қарастырылды. Бұл ауылдық округтерде кәсіпкерлерге жер телімдері бөлініп, рәсімдеу бойынша нақты ұсыныстар берілді. Мұның мақсаты – кәсіпкерлерді бір орталыққа шоғырландырып, өндіріс орындарының жұмысын жүйелі жолға қою және өнімдерді нарыққа бірлесе шығару мүмкіндігін арттыру.
Алдағы уақытта Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде де осындай өндірістік алаңдар салу жоспарланып отыр. Бүгінде бұл бағыттағы жер рәсімдеу жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Облыс әкімдігі атап өткендей, инвестициялық жобаларды дамыту мен өндірістік алаңдарды құру тек экономикалық өсімге ықпал етпей, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға және өңірде тұрақты кәсіпкерлік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.


