Өңір медицинасының елеулі жаңалықтары мол

Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа санитарлық автокөлік алынып, медициналық мекемелерге табысталды. Жаңа көліктердің жалпы құны 4,2 млрд теңгеден асады.
Заманауи жабдықтармен толық қамтылған жаңа автокөліктер облыстың барлық аудандары мен қалаларына таратылып, жедел жәрдем қызметінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Көліктерде ересектерге де, 1 жастан асқан балаларға да арналған медициналық құралдар бар. Автокөліктер портативті өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, жүрек-өкпе реанимациясына арналған жиынтық, электрокардиограф сияқты заманауи құрылғылармен жабдықталған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жедел жәрдем көліктерін табыстау рәсімінде бұл бастаманың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы – мемлекет үшін ең қымбат құндылық» деген қағидатына негізделгенін атап өтті.
– Халықтың денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Денсаулық сақтау саласын дамыту – біздің басты міндетіміз. Бүгін табысталып отырған көліктер дәрігерлеріміздің күнделікті еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір жақсартады. Бұл – халыққа жақын болудың нақты үлгісі. Бұл көліктер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Адал еңбекпен халық алдындағы абыройларыңыз арта берсін, – деді облыс әкімі.
Соңғы жылдары Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жобалар қолға алынды. Түркістан қаласында 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан іске қосылғанда 1200-ден астам медицина қызметкері жұмысқа тартылады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қорымен әріптестік аясында 80 төсек-орындық перзентхана салынуда. Сонымен қатар, 60 орындық оңалту орталығының құрылысы аяқталып, жақын арада пайдалануға берілмек.
Сарыағаш ауданында 300 орындық көпбейінді кешен, Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталық жобасы жүзеге асырылуда. Ордабасы, Жетісай және Сарыағаш аудандарындағы орталық ауруханаларға 4,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Сайрам аудандық ауруханасында 3,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ауданаралық ауруханалар МРТ, КТ, ангиограф сияқты заманауи медициналық техникамен толық жабдықталмақ.
Халық саны мен медициналық көмектің қажеттілігінің өсуіне байланысты, жедел жәрдем қызметіне сұраныс жыл санап артып келеді. 2023 жылдың 8 айында 512 мың шақырту тіркелсе, 2024 жылдың 8 айында бұл көрсеткіш 635 мыңға жетіп, 123 мыңға артқан. Осыны ескерген өңір басшылығы 2023 жылы да 88 санитарлық автокөлік сатып алған болатын. Бұған қоса, 2 реанимобиль нәрестелерге арналған арнайы көлік ретінде алынды.
Жаңа көліктердің жеткізілуі шұғыл медициналық көмекті көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Әсіресе шалғай ауылдық елді мекендер мен жедел медициналық қолдау қажет аудандар үшін бұл – нақты көмек. Заманауи автокөліктер дәрігерлердің әрбір шақыртуды дер кезінде қабылдауына және пациенттердің өмірін сақтауға үлкен септігін тигізеді.


