Түркістанның энергетикалық әлеуеті арта түсті

Oinet.kz 29-09-2025 13

Screenshot_2.jpg        Қытайдың астанасында өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы аясында еліміздегі ең ірі күн электр станциясын Түркістан облысында салу жөнінде стратегиялық келісімге қол қойылды. Бұл тарихи оқиға Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мен «жасыл» энергетика саласын дамытуда маңызды қадам болып табылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келісімге қол қою салтанатына қатысып, China Energy Engineering Group компаниясының бас директоры Ни Чжэнмен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Кездесу барысында электр желілері инфрақұрылымын жаңғырту, дата-орталықтар салу және қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр қуатын өндіру жобалары да қаралды.

Жобаның негізгі ерекшелігі – Түркістан облысы, Сауран ауданында салынатын 300 МВт қуаттағы күн электр станциясы. Жобаның жалпы инвестициялық құны шамамен 320 миллион АҚШ долларын құрайды және оны 2025–2026 жылдары іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа электр станциясы оңтүстік өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге үлес қосады.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов жобаның маңыздылығына тоқталып: «Бүгінгі келісім – Қытаймен «жасыл» энергетика саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдетудің белгісі және бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі. Жоба Қазақстанның энергетикалық балансын әртараптандыруға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға және еліміздің «жасыл» экономикаға көшу жолындағы өңірлік көшбасшы мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Айта кетейік, China Energy Engineering Group – Fortune Global 500 тізіміне кіретін халықаралық ірі компания, ол жел, күн, жылу қуатын өндіру, ядролық энергетика, су үнемдеу және гидроэнергетика саласында тәжірибеге ие. Қазақстандағы жобалары арқылы компания тек техникалық қолдау көрсетіп қана қоймай, еліміздегі заманауи «жасыл» технологияларды енгізуге де атсалысады.

Күн электр станциясының іске қосылуы тек энергетикалық жүйені нығайтып қана қоймай, өңірде экономикалық серпін беретін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба Қазақстанның климаттық міндеттемелерін орындауға, көміртегі шығарындыларын азайтуға және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға нақты үлес қосады.

Осылайша, Түркістан облысында салынатын ірі күн электр станциясы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын тереңдетіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл» экономикаға көшу мақсаттарына жетудегі стратегиялық маңызы бар жобалардың қатарын толықтырады.

Түркістан облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында қысқы кезеңге әзірлік барысы кеңінен талқыланып, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді. Жиында әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларындағы нысандардың жылыту жүйелерінің толықтай тексерілуі, жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы және резервтік отын қорларының дайын болуы маңызды екені ерекше айтылды.

– Әрбір мекеме алдын ала дайын болса қыс мезгілі еш қиындықсыз өтеді. Сондықтан әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жылыту маусымына дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп, дер кезінде толық аяқталсын. Алдағы қытымыр кезеңге сақадай сай болуымыз керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс басшысы білім беру мекемелерінде жылыту жүйелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Аудандық білім бөлімдері мен жауапты тұлғалар жұмысты кешіктірсе немесе салғырттық танытса, олардың жауапкершілігі қаралатыны ескертілді. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарда, ауруханалар мен мәдениет, спорт орталықтарында жылу жүйелерінің қысымдау жұмыстары уақытылы жүргізілуде.

Жылыту маусымына дайындық аясында бюджеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандарға 7,8 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 7,7 млрд теңге – бюджет есебінен. Жеке тұрғындар мен жылыжай иелеріне де қажетті отынды алдын ала сатып алу және сақтандыру тапсырылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәлімдеуінше, өңірде 7 жылу жеткізуші кәсіпорын, оның ішінде 1 жылу энергетикалық кешен, 36 орталықтандырылған қазандық және 2 083 автономды қазандық қызмет көрсетуде.

Электрмен қамтамасыз ету бағытында 1 239 шақырым электр беру желісі, 26 қосалқы станция және 465 трансформатор қондырғысына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Qazaq Gaz» АҚ тарапынан да 2025–2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

 Кентау қаласы – жылу энергетикалық кешен жаңғыртылып, 14,5 шақырым магистральды жылу желілері қайта құрылуда. Созақ ауданы, Қыземшек кенті – қазандықтар ауыстырылып жатыр. Төлеби ауданы – 1,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, жылу қазандығы жөнделді. Отырар ауданы, Шәуілдір елді мекені – жылу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы – жоспарлы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Түркістан қаласы – 18 орталықтандырылған қазандықта қысымдау жұмыстары жүргізіліп, резервтік отын түрлері орнатылуда.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары барлық аудан және қала әкімдіктерінің бақылауында, белгіленген жоспарға сай, штаттық режимде жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігі мен сала басшыларының қатаң бақылауында жүргізіліп жатқан бұл шаралар қысқы кезеңде тұрғындар мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтамасыз етілуін қамтамасыз етудің кепілі болып отыр.

Президент Жолдауы: кедейлікті төмендету бағытындағы жүйелі жұмыстар
Өңір медицинасының елеулі жаңалықтары мол
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу