Президент Жолдауы: кедейлікті төмендету бағытындағы жүйелі жұмыстар

2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, елде білікті кадрларды даярлау, еңбек нарығын дамыту және өңірлік әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында маңызды қадам жасалды. Бұл бастама тек кәсіби оқытуды қолдау емес, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын көтеру, өңірлік өндірісті дамыту, жастарды еңбекке тарту сияқты кешенді әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге арналған стратегиялық қадам болып табылады.
Еңбек нарығының дамуы кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер етеді. Білікті жұмысшы мамандардың жеткілікті болуы өндірістің тиімділігін арттырады, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады, кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Өңірлерде кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамыту арқылы жастардың жұмысқа орналаса алуы жеңілдейді, олардың кәсіптік дағдылары мен экономикалық белсенділігі артады.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірде ұйымдастырылатын іс-шаралар – кәсіби оқыту курстары, шеберлік сабақтары, өндірістік стажировкалар және көрмелер – жұмысшы мамандықтарын дәріптеуге бағытталған. Бұл бастамалар тек жастарды ғана емес, сонымен қатар ересек тұрғындарды да қайта оқытуға, заманауи еңбек нарығының талаптарына сай болуға ынталандырады. Нәтижесінде, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасы артады.
Сонымен қатар, кәсіби білім мен дағдылардың дамуы әлеуметтік тұрақтылыққа да ықпал етеді. Білікті мамандардың көп болуы өңірлік кәсіпорындардың сапалы өндіріс жүргізуіне мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде тауар мен қызмет сапасының артуына, экономикадағы бәсекеге қабілеттіліктің жоғарылауына жол ашады. Яғни, «Жұмысшы мамандықтар жылы» тек әлеуметтік маңызды емес, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан да стратегиялық мәнге ие
Түркістан облысында да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әлеуметтік қолдау, білім беру және еңбек нарығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.
2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жарияланып, өңірде осы бағытта ауқымды іс-шаралар қолға алынған. Облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты жоспар аясында кәсіптік білім беру, жұмысшы мәртебесін көтеру, жастарға кәсіби бағдар беру, еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейту басымдыққа алынған.
Облыста 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша оқып жатыр. Оның ішінде 16 500-ден астам студент 38 жұмысшы мамандығы бойынша даярлануда. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік грант бөлінсе, оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Дуалды білім беру жүйесі қарқынды дамуда: 35 колледж 654 кәсіпорынмен 64 мамандық бойынша келісімге келіп, нақты өндірістік тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі жолға қойылған.
Жастарды еңбекке баулу және жұмыспен қамту бағытында да маңызды шаралар жүзеге асырылуда. «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы аясында 100-ге жуық түлек нақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілсе, 1 500 бос жұмыс орны ұсынылған жәрмеңкеде жұмыс берушілер мен жастар тікелей байланыс орнатты. Жалпы облыста жұмыс күші 860 мыңнан астам адамды құрайды, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар саны – шамамен 380 мың. Жұмыссыздық деңгейі 7,8%-ды құрап, «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 74 630 азамат жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, уақытша субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 24 571 адам жұмыспен қамтамасыз етілді, ал 1 800-ге жуық азамат мемлекеттік грантқа ие болды.
Кедейлікті төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, 55 252 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, кедейлік деңгейі 2,6%-ға төмендеді. 2025 жылы АӘК алушылар саны 76,2 мың адаммен шектеліп, кедейлік деңгейі 3,5%-ға дейін төмендетіледі деп жоспарлануда. Заңсыз жолмен алынған активтер есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысы басталды: Темірлан ауылында 300 орындық музыка мектебі бой көтеруде.
Білім беру саласында да елеулі жетістіктер бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 жаңа мектеп құрылысы жоспарланып, 2024-2025 оқу жылында 13 мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 16 мектеп ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, 115 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылуда, бүгінде 100 білім ошағы жөндеуден өтті. Барлық білім ошақтары жедел басқару орталығына қосылып, турникет, дабыл түймесі және күзетпен қамтылу мәселелері шешімін тапқан.
Облыста 67 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасына 1 200 педагог қатысып, оның 78%-ы басқарушы лауазымдарға тағайындалды. Алғаш рет енгізілген «Ұстаз» ұлттық платформасында 12 826 педагог аттестациядан өтуде, бұл жүйе педагогтердің кәсіби дамуына жаңа серпін беруде.
Денсаулық сақтау саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында 24 мыңнан астам медицина қызметкері халыққа қызмет көрсетеді, бірақ білікті мамандар тапшылығы әлі де өзекті болып отыр: өңірде 253 бейінді дәрігер жетіспейді. Жергілікті бюджет есебінен жоғары білімнен кейінгі оқу орындарына дәрігерлерді резидентурада даярлау үшін гранттар бөлінуде. Биыл медициналық кадрларды даярлауға 75 грант бөлініп, толық игерілді. Ауылдық жерлерге барған жас мамандарға көтерме жәрдемақы және біржолғы төлемдер қарастырылған.
Ірі медициналық нысандар салынып жатыр: Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында жаңа перзентхана және Сауран ауданында 500 адамға арналған емхана құрылысы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп, облыс халқының 83%-ы сақтандырылған.
Осылайша, Түркістан облысында Президент Жолдауын іске асыру аясында әлеуметтік қолдауды күшейту, жастарды еңбекке тарту, білім беру жүйесін жаңғырту, жұмысшы мамандықтарды насихаттау және медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, Әділетті Қазақстан құру жолында маңызды үлес қосып отыр.


