Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді

Oinet.kz 29-09-2025 15

27443.jpg

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен әлеуметтік-экономикалық дамуға арналған кеңейтілген мәжіліс өткен болатын. Аталған жиын барысында өңірдің қазіргі жағдайы, болашағына бағытталған стратегиялары және экономикалық серпін беру жолдары жан-жақты талқыланды. Мәжіліс барысында айқындалған басты бағыттардың бірі – жастардың белсенділігін арттыру арқылы әлеуметтік және экономикалық дамуға үлес қосу.

Мәжілісте өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жан-жақты сараланып, нақты көрсеткіштер талданды. Әкім Нұралхан Көшеров атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін бағалап, жауапты сала басшыларына алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді жүктеді. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы нәтижелер мен жоспарланған бастамалар туралы баяндады, басқарма басшыларының ұсыныстары мен ұсынылған жобалар қаралды.

Өңір басшысы 2024-2030 жылдарға арналған экономикалық өсімнің жол картасында көрсетілген ірі жобаларды іске асыруды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, өндіріс, туризм, инвестиция тарту, кәсіпкерлік және басқа да маңызды бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе жастарға арналған жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және цифрлық технологияларды енгізу мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

– Түркістан – тек өңірдің ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани ордасы. Түркістанды дамыту – барлығымыз үшін маңызды іс. Бұл – ортақ міндет. Қаланың экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, қала тұрғындары үшін барлық қолжетімді жағдай жасалу керек. Ол үшін бәріміз бірлесе отырып жұмыс істеуіміз қажет. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл – уақытша науқан емес, жыл бойы тұрақты түрде жүргізілуі қажет іс екенін үнемі айтып келемін. Қоршаған ортаның тазалығы – әркімнің күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Бұл – тек қаланы таза ұстау ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам, – деді облыс әкімі.

Айта кетерлігі, Түркістан қаласы соңғы жылдары айтарлықтай серпінді дамып келеді. 2025 жылдың алғашқы 7 айында қала халқы 241,7 мың адамға жетті. Өңірлік өнім 31,3%-ға өсіп, 272 млрд теңгені құрады. Қаладағы екі өндірістік аймақта жалпы құны 225 млрд теңгеден асатын 50-ден астам жоба іске асырылуда. Өңдеу өнеркәсібіне 29,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Әлеуметтік салалардағы даму да назардан тыс қалмады. Биыл 944 пәтер әлеуметтік баспана ретінде берілмек, ал 160,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,5%-дан 56,3%-ға көтерілмек, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 92%-ға жетеді.

Қаланың инфрақұрылымын жаңарту, қоғамдық орындарды дамыту да маңызды бағыт болып отыр. Түркістанда 5 жаңа саябақтың құрылысы жүргізілуде, 300 мың түп ағаш отырғызылады. Қаланың тазалығына 600 жұмысшы жұмылдырылып, 28 мың тонна қоқыс шығарылды. 33 көпқабатты үйдің қасбеті қалпына келтірілуде. Бұл жұмыстар жастарды таза, қауіпсіз және жайлы қалада өмір сүруге үйретіп, олардың қоғамдық бастамаларға қатысуын арттырады.

Мәжіліс қорытындысында облыс басшылығы жастардың белсенділігін арттыруға ерекше мән беретіндігін атап өтті. Жастарды кәсіпкерлікке, қоғамдық және мәдени жобаларға тарту, спорттық және білім беру бағдарламаларын дамыту – облыстың тұрақты дамуына қосылған маңызды қадамдар болып саналады. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, сонымен бірге жастардың белсенділігін арттыру және олардың болашағына инвестиция салу арқылы да өлшенеді.

Сарыағаш: Аудан диқандары мол өнім жинауда
Түркістандағы жеке қабылдау: Коммуналдық, тұрғын үй және экологиялық мәселелер қаралды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу