Түркістандағы жеке қабылдау: Коммуналдық, тұрғын үй және экологиялық мәселелер қаралды

Oinet.kz 29-09-2025 17

Screenshot_1.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Түркістан облысында тұрғындардың сұраныстары мен ұсыныстарын тыңдау мақсатында облыс әкімдігінде жеке қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл қабылдаулар өңір тұрғындарының күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, олардың шешімін табуға мүмкіндік береді.

Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты сала басшыларының қатысуымен мәселелерді оңтайлы шешу жолдары қаралды. Әкім азаматтармен ашық диалог орнатып, олардың әрбір сұрағы мен ұсынысын заң аясында қарастыратынын нақтылады.

Қабылдауға Түркістан, Кентау қалалары және Қазығұрт, Сарыағаш, Жетісай, Шардара аудандарының тұрғындары қатысты. Азаматтар коммуналдық қызметтер, экологиялық жағдай, заңсыз құрылыстар, тұрғын үй мәселелері, жұмыс, кәсіпкерлік, білім беру салалары және өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Мысалы, Сарыағаш ауданының тұрғыны кәсіпкерлік нысанның мәселесін жеткізсе, Жетісай ауданынан келген азамат әлеуметтік қызмет саласының жұмысын сынға алды. Кентау қаласының тұрғыны ауыз су мәселесі, қоқыс полигоны және экологиялық ахуал туралы алаңдаушылығын білдірді. Қазығұрт ауданынан келген азаматша тұрғын үй сапасының сын көтермейтінін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар аудан және қалалардың әлеуетін арттыруға бағытталған өз ұсыныстарын ортаға салды.

Нұралхан Көшеров әрбір өтініштің жеке қаралатынын, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілгенін айтты. Ол өңірді дамытуда тұрғындардың пікірі мен ұсыныстары маңызды екенін атап өтіп, азаматтарды белсенділік танытуға шақырды. Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің заң аясында шешімін табуы – өңірдегі ашық әкімшілік диалогтың нақты көрінісі болып отыр.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – өңір экономикасын көтерудің басты бағыты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу