Сарыағаш: Аудан диқандары мол өнім жинауда

Oinet.kz 29-09-2025 16

Screenshot_10.jpg        Сарыағаш ауданында күзгі ауыл шаруашылығы өнімін жинау науқаны аяқталып келеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, биыл ауданда 70 мыңға жуық егістік алқабы игерілген. Бидай 30 мың, арпа 7600, дәндік жүгері 5 мың, бұршақты дақылдар 500, майлы дақылдар 2 мың гектарға жуық, бақша 1200, картоп 4 мың, көкөніс 10500, мал азығы 9 мың гектар алқапқа орналастырылған. Егіс алқаптарынан шамамен 46 мың тоннаға жуық астық пен дәнді дақылдар, 800-ге жуық бұршақты дақылдар, 2 мыңға жуық майлы дақылдар, 26 мыңға жуық бақша өнімдері, 92 мың тонна картоп және 310 мыңға жуық тонна көкөніс өнімдері алынған.

Аудан әкімі егіс алқаптарынан жиналған көкөніс, бақша және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жағдайымен танысу үшін Қабланбек ауылдық округіне болып, диқандардың жұмысымен танысты. Арман Абдуллаев  «Сүндет ата» шаруа қожалығының төрағасымен кездесіп, еңбек жағдайын, өнім көлемін, жинау жұмыстарының барысы мен туындаған мәселелерді талқылады. Жергілікті шаруаларға қолдау көрсетілетінін және агроөнеркәсіп саласының аудан экономикасындағы маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, өнім сапасына оң баға беріп, ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегіне алғысын білдірді.

Қабланбек ауылдық округіне қарасты Сіргелі елді мекенінде орналасқан «Сүндет ата» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Миралиевтің айтуынша, жалпы жер көлемі 2,5 гектарды құрайды. Қазіргі таңда, алқапта екінші өнім ретінде болгар бұрышы өсіріліп, жинау жұмыстары аяқталған.

Сондай-ақ аудан әкімі Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Дихан баба елді мекенінің тұрғыны Камалхан Қонысбаев қырыққабатты жинау жұмысының барысын көрді. Ол жеке шаруашылығына 50 мың түп қырыққабаттың «Бухарест» сортын баптап өсірген. Алқаптан жиналған өнімін жергілікті сауда орындары мен аудандық сауда желілеріне өткеруде. Кәсіпкер Камалхан Қонысбаевтың айтуынша, қырыққабаттың «Бухарест» сортының басты ерекшелігі – жоғары өнімділігі мен ауданның табиғи-климаттық жағдайына бейімділігі. Алдағы уақытта егіс көлемін ұлғайту және өнім сапасын арттыру мақсатында жаңа агротехнологиялық тәсілдерді енгізуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Дихан ауылының тұрғыны Ермек Қаңлыбай құлпынай өсірумен айналысуда. Ол көктем мезгілінде 66 мың түп құлпынай көшетін отырғызған болатын. Ол үшін кәсіпкер үш түрлі жоғары өнімді сорттарды таңдаған. Олар – «Монтерей», «Априка» және «Клери» сорттары. Қазіргі таңда, шаруашылықтан 20 тоннаға жуық құлпынай өнімі жиналған. Тәтті әрі сапалы жидектер Қазақстанның ішкі нарығына және сыртқа  нарыққа шығарылуда.   

Ермек Қаңлыбайдың айтуынша, заманауи агротехнологиялар мен дұрыс күтімнің арқасында құлпынайдың өнімділігі жоғары болған. Алдағы уақытта ол егіс алқабын кеңейтіп, экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Жалпы Сарыағаш ауданының диқандары жерден мол өнім жинап қана қоймай, оны өткеру жолдарының да көзін тауып отыр.

Шалғай ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу