Шалғай ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды

Oinet.kz 29-09-2025 15

Screenshot_9.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында цифрлық теңсіздікті жоюды, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындаған болатын. Бұл тапсырма Түркістан облысының даму стратегиясымен толық үйлеседі. Облыстағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Биыл Арыс қаласында шаһар әкімі Қайсар Маңқараевтың бастамасымен ауылдық округтерді дамыту бойынша нақты жоспар бекітіліп, әр елді мекеннің өзекті мәселесіне қарай қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауылдардың келбеті жаңарып, инфрақұрылым саласында бірқатар жұмыстар атқарылып, шалғай елді мекендер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілуде.

Осы бағытта биыл облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында «Түркістан облысында байланыс және интернетті дамыту жөніндегі өзара іс-қимыл туралы» меморандумға қол қойылды. Бұл жоба 2025-2027 жылдар аралығында 372 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық интернет желісімен қамтуды көздейді. Оның ішінде 274 ауыл мектебі мен 258 медициналық нысан толық интернетке қосылады. Облысымыздағы аудан және қала орталықтарындағы медициналық мекемелерінде интернет желісімен толығымен қамтамасыз етіліп, кедергісіз жұмыс істейді.

Кейбір шалғай және таулы аймақтардағы ауылдық елді мекендерде оптикалық (кабельді) интернет жүйесі тартылмағанымен медициналық мекемелерде спутниктік және мобильді роутердің көмегімен қызметтер көрсетеді. Қазіргі уақытта, ауылдық медициналық мекемелері 85 пайызы интернет желісімен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы бойынша 2025-2027 жылдары аралығында облыс аумағындағы ауылдық елді мекендерге талшықтық-оптикалық интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Осы жоба аясында шалғай аймақтарда орналасқан 258 медициналық нысанға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылады.

Сондай-ақ бүгінде облыстық білім басқармасына қарасты 1 мыңға жуық мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісіне қосылған. Өңірдің 300-ге жуық білім ұясында Starlink спутниктік интернет желісі елімізде алғашқылардың бірі болып орнатыла бастады. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген жаңа мектептер толығымен талшықты-оптикалық желіге қосылды.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір ауыл тұрғыны, әрбір бала мен мұғалім, әрбір дәрігер заманауи цифрлық мүмкіндікті толық пайдалана алатын орта қалыптастыру. Түркістан өңірі цифрландыру ісінде республикадағы көшбасшы аймақтардың біріне айналады деп сенеміз», – дейді Қайсар Маңқараев.

Жалпы Арыс қаласына қарасты 6 ауылдық округ пен 28 елді мекен бар. Қала әкімінің айтуынша, қалаға қарасты ауылдардың ішінде ең шалғай орналасқаны Дарбаза мен Бұлақ ауылдары. Осы алылдардың жағдайымен жақынырақ танысқан қала әкімі: «Басты мақсатымыз – халықтың тұрмысын жақсарту, ауылдың әлеуетін арттыру. Ол үшін әр ауылдың жағдайын өз көзімізбен көріп, тұрғындардың талабын естуіміз керек. Сонда ғана нақты нәтиже болады», – деп атап өтті.

Жоғарыда аталған Дарбаза елді мекенінде 11 үй бар. Тұрғын саны 60. Елді мекеннің басты кәсібі – мал шаруашылығы. Биыл ауыл халқының өтініші бойынша таза ауызсу жүйесі жаңартылып, таза су өндіретін «Омега» құрылғысы орнатылған. Сондай-ақ OneWeb спутниктік байланыс жүйесінің станциясы іске қосылып, ауыл тұрғындарына тегін жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болды.

Дарбазалықтар қала әкімімен болған жүздесуде ендігі кезекте ауылға фельдшерлік пункт пен ескірген электр желілерін жаңарту қажеттігін айтты. Қала басшысы бұл мәселелердің орынды екенін айтып, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

Ал Қайсар Маңқараевтың айтуынша, Бұлақ елді мекенінде соңғы уақытта елеулі өзгерістер болды. Биыл әкім тапсырмасына сәйкес ауылға заманауи су тазарту қондырғысы орнатылып, спутниктік жоғары жылдамдықты Wi-Fi интернет ел игілігіне берілді.

Тұрғындар өз кезегінде атқарылған жұмыстарға алғыстарын білдіріп, ендігі мәселе – электр желілерін жаңарту екенін айтты. Қала басшысы ауыл әкімдігіне осы бағытта тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырып, мәселенің орындалу барысын жеке бақылауға алатынын жеткізді.

Ордабасылық елді мекендер ауыз сумен 100 пайыз қамтылды
Сарыағаш: Аудан диқандары мол өнім жинауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу