Ордабасылық елді мекендер ауыз сумен 100 пайыз қамтылды

Oinet.kz 29-09-2025 14

Screenshot_8.jpg

Ордабасы ауданының халық саны – 133 мың адамды құрайды. Ал аудан бюджеті 20 миллиард теңге. Биыл ауданға 11,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 77 миллиард теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7283 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, техника 60 пайызға жаңартылған.

Республика күні қарсаңында соңғы 3 ауыл таза ауыз сумен қамтылып, аудан бойынша ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Ол елді мекендер Қараспан ауыл округіне қарасты Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдары. Сәуір айында басталған жобаның жалпы құны 222,962 миллион теңгені құрайды. Жобаны «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған.

Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ ауылдарындағы таза ауызсу құбырының ашылу салтанатты шарасына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты. Жиын барысында аудан басшысы сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. «Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамту – біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгін іске қосылған жоба – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтиже» – деп атап өткен еді аудан басшысы.

Ауыл ақсақалдары елді мекенге таза ауыз су тарту ісіне ұйытқы болған аудан басшылығына және құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Атап өтерлігі, бұл ауызсу құрылысы Ордабасы ауданында мемлекетке прокуратура органдарымен қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған.  

Ал аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 77 пайызды құрап отыр. Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, ауданда ауыл тұрғындарын газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірнеше ай бұрын Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке, Сарытоғай ауылдарына «көгілдір отын» берілген болатын. Атап өтер болсақ, аудандағы 25 елді мекенді газбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 2021 жылы тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Соңғы 2 жыл ішінде аудан әкімінің үйлестіруі мен бақылауының нәтижесінде аудан тұрғындарын толық табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде қазіргі таңда аудан бойынша 57 елді мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып, жалпы көрсеткіш 2 жылдың ішінде 15,7 пайыздан 77 пайызға өсіп отыр.

Жыл басында Шұбарсу ауылын газбен қамту міндеті тұрған еді. Биыл ауылға газ жеткізуші құбырдың құрылысына бастапқы қаржы қаралып, жұмыстар басталған болатын. Одан бөлек, басқа да елді-мекендерде тиісті жұмыстар атқарылып, алдағы жылдары ауданды толық газбен қамту көзделген. «Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдарымызда да қаладағыдай жағдай жасалуда. Алда ауылдағы тұрғындар қатты отын тұтынудан арылып, таза, табиғи газ тұтынады», – деді аудан әкімі. Жалпы  Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылған болатын. Оның 4-ші нысаны биыл аяқталып отыр. Ендігі кезекте, табиғи газ қосылған ауыл тұрғындары өз үйлеріне газ қосу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Аудан басшысы ауыл оркругтерінің әкімдіктеріне бұл жұмыстарға тиісті қолдау көрсетуді тапсырған болатын.

Сондай-ақ жаңа газға қосылған Шұбарсуда Ордабасы аудандық газ инспекциясы мен Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері бірлесіп ауыл тұрғындарымен көмір және тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға улы газбен уланудың алдын алу, жылыту қондырғылары мен мұржалардың ақаусыздығын тексеру, сондай-ақ отын мен газды дұрыс пайдалану ережелері жөнінде кеңес берді. Түсіндіру жұмыстарының мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру және тұрмыстағы өрт пен улану жағдайларының алдын алу.

Сауранда 600 орындық мектеп пайдалануға берілді
Шалғай ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу