Сауранда 600 орындық мектеп пайдалануға берілді

Oinet.kz 29-09-2025 14

Screenshot_7.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – еліміздің барлық өңіріндегі балаларға тұратын жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау. Жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда республикамызда 122 мектептің құрылысы аяқталып, соның нәтижесінде 200 мыңнан астам оқушы жаңа, заманауи білім беру ортасымен қамтылды. 

Ал Түркістан облысында барлығы 29 «Келешек мектебі» салынған. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылынан бері тағы 10 мектеп ашылып отыр. Жыл соңында дейін 6 келешек мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында Сауран ауданында Республика күні қарсаңында 600 орындық №5 жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Ал Сауран ауданында қазіргі таңда 24 мыңнан астам оқушы білім алып жатқан 60-тан аса мектеп жұмыс істейді. Аудандағы демографиялық өсім жыл сайын артып келеді – бұл өз кезегінде жаңа мектептердің салынуын талап етеді.

Сонымен Республика күні қарсаңында Сауран ауданында ашылған мектептің салтанатты іс-шарасына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысқан болатын. «Бүгін міне, терең тарихымен, еңбекқор халқымен ерекшеленетін Сауран ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында үшінші білім ошағы іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әрбір оқушының білім алып, жан‑жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» делінген тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асты. Бұл – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Ол үшін Мемлекет басшысына алғысымызды білдіреміз! Республика көлемінде «Келешек мектептері» жобасы арқылы 217 мектеп бой көтерсе, соның  29-ы немесе 13 пайызы біздің өңірде салынды. Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің 1100-ден астамы немесе 14 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Облысымызда 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Өңірімізде оқушы саны жыл сайын артып келеді», – деді Нұралхан Көшеров. 

Аталған мектеп құрылысы 2023 жылы басталып, биыл  толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 гектарды алып жатқан мектептің ауданы – 8334 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты заманауи ғимарат бір ауысымда  600 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Оқу ордасында 180 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, 3 шеберхана, медициналық пункт, сондай-ақ заманауи жабдықталған оқу кабинеттері қарастырылған.

Жалпы «Келешек мектептері» ұлттық жобасына тоқталар болсақ, жоба аясында ауылдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылуда: пайдалануға берілген мектептердің 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Оқушылар санына байланысты мектептер 300 орыннан 2500 орынға дейін есептеліп салынады – бұл жобалауда нақты қажеттіліктерді ескеру қағидатына негізделген. Географиялық орналасуына қарамастан шалғай елді мекен болса да, қала болса да барлық мектептер бірыңғай жоғары стандарттарға сай салынады. Архитектурасы, инженерлік шешімдері мен оқу ортасы қазіргі заман талабына толық сәйкес келеді және елімізде біртұтас білім кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаңа мектептерде оқушылардың қажеттіліктеріне бағытталған ыңғайлы, қауіпсіз және эргономикалық білім беру кеңістігі жасалған. Ғимараттар бұрынғы стандарттармен салыстырғанда 15–20 пайыз кең, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық. Барлық мектептер заманауи жиһазбен және оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген, қауіпсіздік шаралары күшейтілген, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктар қарастырылған. «Келешек мектептері» жобасы – бұл жай ғана жаңа ғимараттардың құрылысы емес, бұл – ел болашағына жасалған инвестиция.

Шара барысында қонақтар оқу кабинеттерін, кітапхана мен спорт залын аралап, мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және зияткер ұрпақ қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.

Жыл соңына дейін 7 мәдени нысан тапсырылмақ
Ордабасылық елді мекендер ауыз сумен 100 пайыз қамтылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу