Жыл соңына дейін 7 мәдени нысан тапсырылмақ

Oinet.kz 29-09-2025 14

Screenshot_6.jpg

Түркістан облысында биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 мәдениет нысанында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар биыл 9 нысанның құрылыс жұмысына қаржы бөлініп, 2026 жылы пайдалануға беру көзделген.

Жалпы биыл Конституция күні қарсаңында жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласында 500 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Республика күні қарсаңында Жетісай, Келес, Мақтаарал тағы басқа да аудандарда мәдениет үйлері ел игілігіне беріліп отыр.

Атап айтсақ, Мемлекеттің қалыптасу тарихы ұлықталып, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын мерекені Жетісай ауданының жұртшылығы да жоғары дәрежеде атап өткен болатын. Осы мереке аясында Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Атақоныс елді мекеніндегі мәдениет үйі пайдалануға берілді. 1957 жылы қолданысқа берілген мәдениет үйіне 2014 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Биылғы жылдың мамыр айында 0,9346 шаршы метр аумаққа басталған күрделі жөндеу жұмыстарының жалпы құны 342 миллион 805 мың теңгені құраған.

Өндірістік кестеге сәйкес жұмыстарды межеленген уақытта аяқтаған «Намыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәдениет үйін мерекеде ел игілігіне тапсырды. Жаңартылған кешенде мәдениет үйінің қызметкерлерімен қатар ауылдық кітапхана, спорттың бірнеше түрінен үйірмелері жұмыс істейді. Қолөнер бұйымдары мен кітап, сурет көрмесі жұртшылық назарына ұсынылған мерекелік шараға аудан әкімі Серік Мамытов қатысты. «Ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен ақжарма тілегі орындалып, жарқын жасампаздық пен үкілі үміті үстем болып, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан айтулы мереке бәріміз үшін қасиетті де қастерлі. Ұлттың, тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы бола білген бұл күн – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан күні. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі  таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел болып танылды» деген аудан басшысы жаңа нысанның лентасын қиған болатын.

Айтулы мерекесінің салтанатты бөлімінен соң аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Патриоттық әндерден шашу шашылып, Жетісай аспанын ұлттық құндылықтармен көмкерді.

Ал Келес ауданындағы Қошқарата ауылында Республика күні қарсаңында мәдениет үйі ашылды. Ауыл тұрғындар көптен күткен мәдениет ошағы Ұлттық қор есебінен салынған. Жалпы 150 орындық клуб және кітапхана құрылысы өткен жылы басталып, биыл мереке қарсаңында ел игіліне тапсырылып отыр. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен оқушылар концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық әндер орындады. Мәдениет үйінде кітапхана, түрлі үйірмелер, үлкен көрермен залы бар.

Жоғарыда айтқанымыздай Түркістан қаласындағы 500 орындық көрермен залы бар, заманауи талаптарға сай салынған көпфункционалды мәдениет үйі бүгінгі күні ел мәдениетін көтеруге өз үлесін қосуда. Бұл жаңа ғимаратқа тапсырыс беруші –Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі». Оның құрылысын «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Нысанның аумағы 1,13 гектар алаңды алып жатыр. Халық игілігіне берілген мәдениет ошағында көркем-сурет галереясы, музей залдары, мәдениет ардагерлеріне арналған бөлме, хореография және фитнес залы, фотостудия бар. Сонымен қатар, заманауи жабдықталған әдістемелік бөлмелер, мұрағат, халық театрлары, фольклорлық ансамбльдер мен көркемөнерпаздардың дайындық бөлмелері қарастырылған. Бүгінде мұнда халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдер өткізілуде.

Түркістан қаласы үшін маңызды жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, шаһар тұрғындарын жаңа мәдени нысанның ашылуымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізген болатын. «Түркістан – қазақ руханиятының алтын бесігі, тарих пен мәдениеттің мәңгілік ордасы. Осында жаңа Мәдениет үйінің бой көтеруі – халықтың рухани өмірін жаңғыртып, талантты жастарымыздың қанатын кеңге жаюына, мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосады. Бұл игі іс – Мемлекет басшысының Түркістанды түлету жолындағы стратегиялық бастамаларының лайықты жалғасы», – деп атап өткен еді аймақ басшысы Нұралхан Көшеров.

Ал Мартаарал ауданындағы Достық ауылдық округіне қарасты Ж.Қалшораев елді мекенінде жаңа мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы толық аяқталып, салтанатты түрде ашылды. Бұл – ауылдық жерлерде мәдениет пен білім ошақтарын дамыту бағытындағы игі істердің нақты көрінісі. Бұл жаңа нысанның ашылу рәсіміне Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтады. «Мәдениет үйі – ауылдың рухани дамуына үлкен серпін береді. Бұл – Мемлекет басшысының өңірлерді өркендету, мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі тапсырмаларының орындалып жатқанын білдіреді. Енді ауыл жастары мен өнерпаздары өз таланттарын шыңдайтын, кітап оқып, білімін жетілдіретін заманауи ортамен қамтамасыз етіледі», – деді аудан басшысы.

Аталған жобаның құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Ал оның құрылыс жұмыстарын «Нүрі-Л-Жетісай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеген. Құрылыс Мақтаарал ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырмасы аясында жүзеге асырылған. Жобаның жалпы құны 743,5 миллион теңгені құрайды. Екі қабаттан тұратын мәдениет үйінің сыйымдылығы 200 адамға арналған. Ғимаратта кең көлемді көрермендер залы, бірнеше қызметтік кабинет, сондай-ақ, заманауи талаптарға жауап беретін кітапхана залы орналасқан. Ғимараттың жалпы алаңы 709,72 шаршы метрді, ал оған тиесілі жер телімі 1,2720 гектарды құрайды. Бұл – болашақта нысан аумағында қосымша мәдени шаралар өткізуге, ауланы абаттандыру мен кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жалпы жоғарыда мереке күндері пайдалануға берілген жаңа мәдениет үйлері – тек сахналық өнердің ғана емес, қала мен ауыл тұрғындарының бас қосатын, ұлттық салт-дәстүр мен өнерді насихаттайтын орталығы болмақ. Бұл нысандар қала және ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін арттырып, түрлі үйірмелердің, концерттердің, семинарлар мен кездесулердің ұйымдастырылуына жағдай жасайды. Сонымен қатар кітапханасы да ауыл тұрғындарының білім көкжиегін кеңейтіп, балалар мен жасөспірімдерге оқу мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады деген ойдамыз.  

Ауыл халқының көптен күткен қуанышы
Сауранда 600 орындық мектеп пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу