Ауыл халқының көптен күткен қуанышы

Oinet.kz 29-09-2025 14

Screenshot_5.jpg            Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа президенттік мерзімдегі алғашқы тапсырмаларының бірі – ауылды дамыту, халықтың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды күшейту. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартуға, олардың өз кәсібін ашып, табыс табуына мүмкіндік беруді көздейді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының жайлылығын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жүйесін жаңғыртуға көп көңіл бөлініп отырғаны белгілі.  

Таратып айтар болсақ, Түркістан облысындағы елді мекендерді таза ауызсумен қамту деңгейі бүгінгі таңда 95 пайызға жеткен. Орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 763-ті құраған. Биыл 30 ауылға жаңадан ауызсу құбырын жүргізіп, 11 елді мекеннің тозған жүйелері жаңартылған. Соның бірі – Отырар ауданында Республика күні қарсаңында пайдалануға берілген болатын. Ауданға қарасты Қарақоңыр ауылы округіндегі Сырдария елді мекенінің тұрғындары бүгінде таза ауыз су жүйесіне қосылуда. Аталған нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі.

– Бүгінгі күні Сырдария елді мекенінде сапалы ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ауыл халқының көптен күткен қуанышы, өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза ауыз су» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сол ауқымды жұмыстың нақты нәтижесін бүгін өз ауданымызда көріп отырмыз. Ауыз су – тіршіліктің көзі, денсаулықтың негізі. Осы жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, жастардың ауылда тұрақтап, еңбек етуіне де үлкен серпін береді деп сенемін, – деді аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы.

Атап өтсек, бүгінде Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің 36-сы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйелерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатса, бүгінгі таңда Сырдария елді мекенінің сапалы ауыз су жүйесінің құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр. Орталықтандырылған жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде.

Сондай-ақ Созақ ауданда да елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес мекемесі – «Волковгеология» акционерлік қоғамы Бабата, Қызылкөл, Құмкент, Қарақұр және Қаратау ауылдарында таза ауыз су жеткізу мақсатында ұңғыма қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұған дейін Бабата ауылында тереңдігі 507 метр болатын ұңғыма қазылып, сағатына шамамен 100 текше метр су алынған. Екінші ұңғыманы қазу жұмысы жалғасуда. Бүгінгі күні Қарақұр ауылында тереңдігі 180 метр болатын екі ұңғыма қазылып, әрқайсысынан сағатына 35 текше метр су алынуда. Су көзін тазарту және сапасын арттыру шаралары әліде жалғасуда. Жоба аясында ГРЭ-5 филиалының 10 маманы жұмылдырылып, бұрғылау агрегаттары, арнайы техника мен көлік құралдары тартылған. Атап өтерлігі, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның демеушілігімен барлығы 8 ұңғыма бұрғылану жоспарланған. Жобаның толық аяқталуы осы жылдың желтоқсан айына белгіленген.

Мұндай жұмыстар, елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, су мұнараларын орнату, ұңғыма қазы, ескі желілерді жаңартып жаңғырту жұмыстары барлық ауданда жалғасын табуда.

Табиғи газга келетін болсақ, облыста өткен жылы 53 елді мекенге тартылып, жалпы қамтылған елді мекендер саны 563-ке жеткен. Халықты табиғи газбен қамту көрсеткіші 85,5 пайызды құраған. Биыл қосымша 37 елді мекен газға қосылып, халықтың қамтылуын 88,9 пайызға жеткізу жоспарланған.

Ал орталықтандырылған электр қуатымен облыстың барлық дерлік елді мекені қамтылған. Шалғай орналасқан шағын ауылдарды қоспағанда. Олар баламалы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Кезең-кезеңімен тозған жүйелерді жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 44 елді мекеннің желілері жаңартылса, биыл қосымша 22 елді мекен жаңғыртудан өтуде.

Жол инфрақұрылымы да жақсара түскен. Соңғы жылдары жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 93,7 пайызды құрайды. Биыл 289 нысан немесе 1236 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Қанағатты жағдайдағы жолдың үлесі 94,7 пайызға жеткізілмек. Осы ретте атап өтерлігі, Түркістан облысында жол сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, облыс аумағында жолдарды қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Алайда ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып қозғалуы салдарынан жаңадан салынған жолдар зақымданып, олардың мерзімінен бұрын тозуына әкеліп соғуда.

Заңға сәйкес, ауыр жүк көліктерінің әрбір осіне 8 тоннадан артық жүк артуға тыйым салынған. Алайда, кейбір көліктер 20-25 тоннаға дейін артық жүк артып, жолдарды зақымдауда. Осы мәселені шешу мақсатында Түркістан облысында 7 жерде арнайы өлшеу бекеттерін орнату жоспарланған. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы Арыс – Темірлан, Арыс – Қабылсай бағытындағы жолдарға автоматтандырылған өлшеу бекеттері орнатылып, жұмысын бастады. Бұл бекеттер жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтайды. Бүгінде орнатылған екі өлшеу бекеті арқылы ауыр жүк көліктерінің 1820 әкімшілік құқық бұзушылық жағдайы анықталды. Осылайша жол инфрақұрылымының бұзылуының алдын алу мақсатында бұл жүйе де өз тиімділігін көрсетуде.

Сауран: екіжақты әріптестіктің аймақ дамуына қосар үлесі зор
Жыл соңына дейін 7 мәдени нысан тапсырылмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу