Кластерлік экономикаға басымдық берілген

Oinet.kz 29-09-2025 14

Screenshot_3.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру, ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік жобалар көп. Осы жобалардың аясында соңғы жылдары облыста экономикалық даму көрсеткіші жақсара түскен. 

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, биыл облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 111 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Мұндағы басты басымдық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, энергетика және туризм салаларына бағытталып отыр. «Алдағы уақытта осы аталған жобаларды жүзеге асыру барысында өзіндік кірістерді 1,1 триллион теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетке тәуелділікті 80 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуге септігін тигізеді. Яғни алдағы жылдары облысты әлеуметтік инфрақұрылымы қалыптасқан, экономикалық дамуы тұрақты және өзін қамтамасыз ететін бәсекелестігі жоғары өңірге айналдыруға күш саламыз. Оған барлық мүмкіндік бар», – дейді аймақ басшысы.

Атап өтерлігі, былтыр облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4,7 триллион теңгеге жетіп, өсім 110 пайызды құраған. Биыл өңірде даму бар. Яғни, қысқа мерзімінде экономикалық өсім 115,8 пайызды құраған. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі болып отыр.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күні аймақтың барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде тұрақты өсім қалыптасқан. Ол көрсеткіштер өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік-логистика салалары есебінен қалыптасып отыр. Индикатор, яғни көрсеткіштер межесіне қол жеткізу, оның орындалуын бақылау мақсатында арнайы рейтингтік бағалау жүйесі 9 негізгі бағыт бойынша 89 индикатор енгізілген. Бұл көрсеткіш тоқсан сайын бағаланып, қала мен аудандардың жұмысының нәтижесі бағаланады.

Өңірге тартылған инвестиция көлемі бойынша Түркістан облысы республикада алғашқы бестіктен ойып орын алған. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арналған Жолдауында инвестиция саласына басымдық беріп, шикізат секторынан өңдеу саласына көбірек қаржы тарту керектігін атап өтті. Бұл бағытта өңірімізде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, өткен сегіз айда облыс экономикасына 783 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125 пайызға өсті. Қаржының басым бөлігі 59,3 пайызды, яғни 464,4 миллиард теңге жеке инвестицияға тиесілі. Сондай-ақ облыс экономикасының дамуына серпін беретін, құны 2,6 триллион теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 миллиард теңге салық түседі деп көзделуде. Оның ішінде, биыл құны 331 миллиард теңгені құрайтын 57 инвестициялық жобаны іске асырып, 8174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өткен сегіз айда 33 жоба іске қосылып, 4793 жұмыс орны ашылды» – дейді аймақ басшысы.

Бүгінгі таңда облыста мақта-тоқыма кластерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жалпы облыс тұрғындарының негізгі кәсібі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Аймақтың географиялық және климаттық ерекшелігін ескере отырып, үш кластерлік бағытты дамыту қолға алынған. Атап айтсақ, Түркістан облысы елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Бүгінгі күні егіс алқаптары толық жиналып, өнімділік орта есеппен гектарынан 25 центнерден айналып отыр. Яғни, бұрынғы тәсілмен бапталған мақта алқаптарының өнімділігі әлі де төмен. Оның үстіне суды көп тұтынады. Осыған орай жаңа әдіспен заманауи технологияны қолдана отырып, мақта-тоқыма кластерін дамытуды облыстың басты жоспарында тұр. Бұл мақсатта қазіргі таңда жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылуда. Оның жылдық қуаттылығы шамамен 229,5 мың тоннаны құраса, ашылатын жұмыс орны 7 мың деп көзделуде.

Инвесторлардың қолдауы аясында қытайлық «Lihua» компаниясымен бірлесіп, Түркістан қаласында мақта өңдеу кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба құны – 146,8 миллиард теңгені құрайды. Қуаттылығы жылына 13 мың тонна иірілген жіп, 50 миллион метр мата, 7 миллион дана жиынтық төсек бұйымын шығару жоспарланған. Осы жоба іске асырылған соң 4 мың жұмыс орнын құру көзделген. Жоба бойынша мақта өңдеуден дайын бұйым шығаратын толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді. Өткен жылы қанатқақты жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектарға жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, гектарынан 60 центнерден өнім жиналды. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолдану есебінен ағын су 2 есе үнемделді. Осы жылдың соңына дейін мақта өңдеу және жіп иіру фабрикасы іске қосылады.

Бұдан бөлек, жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынып жатыр. Жоба құны 14 миллиард теңгені құрайды. Оның жылдық қуаты 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығару. Бүгінгі күні зауыттың құрылысы мен жабдықтарды орнату жұмысы аяқталу үстінде. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабының көлемін 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Нәтижесінде, 665 мың тонна жүгері жинау көзделіп отыр. Осы жоба аясында 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

– Түркістан өңірі ет экспорты бойынша республикада көш бастап тұр. Атап айтсам, мүйізді ірі қара етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы біздің облысқа тиесілі. Осы орайда ет экспортының әлеуетін ескере отырып, ет кластері бағытында 7 жобаны іске асырудамыз. Жоба құны 50 миллиард теңгені құрайды. Ал жылдық қуаты 35 мың тонна. Осы зауыт есебінен 802 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда «Kaz Eco Meat» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді, инвестиция көлемі 5,6 миллиард теңге, 150 жұмыс орны ашылады. Жалпы, 3 кластерді дамыту нәтижесін есептеп шықтық. 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі қосымша 558 миллиард теңгеге көбеюі күтіледі. Оның ішінде, жеңіл өнеркәсіп қосымша 220 миллиард теңгеге (4 есе), ауыл шаруашылығы 338 миллирд теңгеге (1,5 есе) өседі. Егер 2024 жылы жалпы өңірлік өнім құрылымында уран өндірісіне 63,7 пайызы тиесілі болса (783 млрд теңге), тамақ өндірісі – 11,6 пайыз (140,5 млрд теңге), жеңіл өнеркәсіп – 3,5 пайызды (42 млрд теңге) құраған. Ал кластерлік жобаларды іске асыру нәтижесінде жеңіл өнеркәсіп үлесі 14 пайызға (220 млрд теңге), тамақ өндірісі – 17 пайызға (783 млрд теңге) жететін болады, – дейді облыс әкімі.

Халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам
Сауран: екіжақты әріптестіктің аймақ дамуына қосар үлесі зор
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу