Халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам

Oinet.kz 29-09-2025 17

755844393182270.jpg

Қазығұрт ауданында инженерлік инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, ауыз су, табиғи газ, «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошақтары, денсаулық саласында медициналық нысандар Республика күні қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. Ел игілігіне берілген нысанның бірі Қызылқия ауылы округіне қарасты Атажұрт ауылындағы таза ауыз су жүйесі. Бұл нысан «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылған болатын.

Атап өтерлігі, елді мекендегі орталықтандырылған жаңа ауыз су жүйесінің құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Бұл – заң үстемдігін қамтамасыз етіп, қайтарылған қаражатты халық игілігіне бағыттаудың нақты үлгісі болып табылады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл халқын сапалы ауызсумен қамту – басты басымдықтардың бірі. Республика күні пайдалануға берілген су жүйесі – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдың әлеуметтік дамуына серпін беретін игі іс. Мемлекетке қайтарылған активтердің ел игілігіне жарауы – әділдіктің орнауының айғағы. Бұл жұмыс алдағы уақытта да ауданда жалғасын табатын болады» – деді аудан әкімі Азизхан Исмаилов.

Ал аудан прокуроры Руслан Абдраимов «бұл тек бір нысанның іске қосылуы ғана емес, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам» деп атап өтті. Сонымен орталықтандырылған жаңа су жүйесінің іске қосылуы Атажұрт ауылындағы 1000-нан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүру жағдайларын жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп отыр.

Бұдан бөлек, бүгінгі күні Шарбұлақ ауыл округіндегі Желтоқсан көшесіне табиғи газ желісі тартылуда. Аталған жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және энергия көздерін тиімді пайдалануға бағытталған. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. «Табиғи газбен қамту – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл жоба жүзеге асқанда тұрғындар экологиялық таза әрі үнемді отын түрін пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Ауданында соңғы жылдары бірнеше ауылда газдандыру, жол жөндеу және ауыз су жүйелерін жаңарту сияқты ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді», – дейді аудан басшысы.

Аудан әкімі айтқандай бүгінде Жаңабазар ауыл округінде елді мекендердегі инфрақұрылымдық жұмыстар жалғасын табуда. Атап айтсақ, бүгінгі күні Жаңаталап елді мекенінен өтетін аудандық маңызы бар автомобиль жолында Суықбұлақ өзенінің үстінен өтетін су өткелі, Жылыбұлақ елді мекеніндегі Қалдыбайұлы көшесі бойында ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл жұмыстардың барлығы – аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Ал әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар да көптің көңілінен шығуда. Мәселен, Сарапхана ауыл округіндегі Сарапхана елді мекенінде 500 орындық жаңа мектеп бой көтеруде. Нысан аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың бақылауында. Бұл білім ошағы пайдалануға берілгеннен кейін ауыл оқушылары заманауи талаптарға сай, кең әрі жарық сыныптарда білім алатын болады. Мектеп ғимараты оқу процесіне қажетті барлық жабдықтармен қамтылып, оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасау көзделген. Жаңа мектептің салынуы – ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашатын маңызды қадам болмақ.

Дәл осындай білім ошағы, бірақ 300 орынға арналған келесі мектеп Шарбұлақ ауылында салынуда. Аудан әкімінің сөзінше, бұл білім ошағының құрылысы заманауи талаптарға сай салынып, оқушылардың сапалы білім алуына және ұстаздардың тиімді еңбек етуіне барлық жағдай жасалмақ. Қазіргі таңда мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер мекеме өкілдері, нысан белгіленген мерзімінде толық аяқталады деп отыр. Ал аудан әкімі Азизхан Исмаилов құрылыс сапасына, пайдаланылатын материалдардың стандартқа сәйкестігіне және қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін ескертуде.

Ауданда денсаулық саласы бойынша, Ақбастау елді мекенінде фельдшерлік-акцшерлік пункті салынуда. Аталған нысан ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру және сапалы денсаулық сақтау қызметін қамтамасыз ету мақсатында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жаңа ФАП заманауи медициналық жабдықтармен қамтылып, ауыл халқының күнделікті медициналық қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен Ақбастау елді мекеніндегі жаңа медициналық нысан – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызды қадамның бірі болмақ.

Жоғарыда аталған нысандардың барлығы да аудан әкімінің жеке бақылауында. Бұл құрылыс нысандарын аудан басшысы арнайы аралап, ондағы құрылыс жұмыстарымен үнемі жіті танысып отырады. Мердігерлерге аудан әкімінің қоятын талабы – құрылысты сапалы жүргізу, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау, нысандардың құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтау.

Келес: ел игілігіне арналған жобалар жүзеге асырылуда
Кластерлік экономикаға басымдық берілген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу