Келес: ел игілігіне арналған жобалар жүзеге асырылуда

Oinet.kz 22-10-2025 24

Screenshot_2.jpg

Келес ауданында ел игілігіне беріліп жатқан жаңа құрылыс нысандар аз емес. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, осы жылдың 9 айында құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Аудан көлемінде жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтарының құрылысы қарқын алып, жоспарланған көрсеткіштер толық орындалды.

Биыл ауданда құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 12,4 миллиард теңгені құрады. Тұрғын үй саласы бойынша жылдық жоспар 28300 шаршы метрді қамтиды. Ал, 9 айлық көрсеткіш бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 8583,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 180,5 пайызға жетті. Сонымен қатар, тұрғын үйді пайдалану есебі бойынша 21705 шаршы метр болып, 107,1 пайызды құрап отыр.

Бүгінгі күні аудан орталығы Абай ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 22 тұрғын үй бой көтеруде. Құрылыстың екінші қабаты аяқталып, шатыр жабу жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйлер бірнеше мердігер компаниялардың күшімен салынып, алдағы жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Биыл ауданда бірнеше ірі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Абай ауылында заманауи спорт кешені, Біртілек ауылында 300 орындық, Ғ.Мұратбаев және Абай ауылдарында 600 орындық жайлы мектептер пайдалануға тапсырылды. Ал Республика күні мерекесі қарсаңында Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніне табиғи газ берілді. Жалпы газ құбырының ұзындығы 9 шақырымнан асады, ал 184 үй газға қосылды. Салтанатты шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды жаңа игілікпен және Республика күнімен құттықтады. «Бүгін Ұшқын ауылына үлкен қуаныш келіп отыр. Бұл – тұрғындар өмірін жақсартуға арналған маңызды жұмыс. Алдағы уақытта жол салу, мектеп тұрғызу сияқты істер де жалғасады. Барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр», – деген болатын жиында аудан әкімі.

Келес ауданы қайта құрылғаннан бері 23 ауылға табиғи газ жеткен. Енді Ошақты, Бірлік және Ұшқын ауылдық округтеріндегі 12 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ газ және су жүйесі тартылған ауылдарда жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылуда.

Бұдан бөлек, аудандағы Мәдениет саласында да жаңа нысандардың құрылысы қолға алынған. Жүзімдік ауылдық округінің орталығында 149 орындық мәдениет үйі, Абай ауылында жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражайдың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың барлығы алдағы жылға өтпелі. Денсаулық сақтау бағытында ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында алты елді мекенде жаңа медициналық пункттердің құрылысы басталды. Бесқұбыр, 1-Мамыр, Көлтоған, Игілік, Достық және Атақоныс ауылдарында медициналық нысандар бой көтеруде.

Білім саласына тоқталар болсақ, бұл салада алты елді мекенде жаңа мектеп салу жобалары дайындалған. Сонымен бірге, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мен спортты дамыту мақсатында төрт ауылда спорт зал, ал Мақташы ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған кешеннің құрылысы жоспарланып отыр. Ошақты ауылында ангар типті спорт залының құрылысы да осы айда басталмақ.

Сондай-ақ аудан аумағында заңсыз құрылысқа қарсы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Тоғыз нысан бойынша заң бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылған.

Сонымен қатар жол саласында да атқарылып жатқан жұмыс көп. бүгінгі күні Келес ауданындағы республикалық маңызы бар А-15 жолының 156-190 шақырымында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жол III санатқа жатса да, тәуліктік қозғалыс 10 мың көліктен асып, нормадан 2 есе жоғары. Жоба бойынша ескі жабын фрезерленіп, екі қабат асфальт төселеді және жүк көліктерін өлшейтін автоматтандырылған жүйе орнатылады. Бұл нысанның мердігері «АлемТрансЖол», техникалық қадағалаушысы «Қазстройинжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Нысанның құрылыс жұмыстары осы жылдың қарашасында аяқталуы тиіс.

Созақтың инфрақұрылымы жақсара түсті
Халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу