Созақтың инфрақұрылымы жақсара түсті

Oinet.kz 22-10-2025 17

Screenshot_1.jpg

Созақ ауданына қарасты Шолаққорған мен Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қос округте халықпен кездескенде онда атқарылған жұмыстардың маңыздылығына тоқталған болатын. Жалпы алғанда округ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды. 

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, ауылдық округте жалпы ұзындығы 130,8 шақырым ішкі автомобиль жолы бар. Биыл 15,7 шақырым жол жөнделіп, жыл соңына дейін Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін асфальттау жұмыстары толық аяқталады. Жыл ішінде С.Мұқанов, Ж.Қарғабаев, Е.Ембергенов, П.Маханов, Жібек жолы-2, М.Әуезов, Қазыбек би, Қ.Сәтбаев, Төле би, Кіші Балдысу, Т.Жайшыбеков, А.Аманжолов, Ш.Оқшиев, Түркістан, Өркениет, Бірлік, Ақниет және басқа да көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауыл ішіне жол белгілері мен 32 жол кедергісі орнатылды.

Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру бойынша да атқарылып жатқан жұмыс бар. Мәселен, ауылдың 37 негізгі көшесі мен 17 қуыс көшесіне жарық шамдары орнатылып, барлығы 37 шақырымға жарықтандыру желілері тартылды. Олардың қатарында Қ.Сәтбаев, Әйтеке би, Ж.Жабаев, Ш.Оқшиев, Әл-Фараби, А.Аманжолов, Жібек жолы, Абай, Ә.Әшірбеков, П.Маханов және басқа да көшелер бар. Қазіргі таңда С.Сиязбеков, Ж.Ерімбетов көшелері мен Абай елді мекеніне кіре берістегі жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, ауылды көркейту және абаттандыру жұмыстары да жоспарға сәйкес жалғасуда. Ауыл орталығындағы мектептер мен балабақшалар маңына мультимедиялық аркалар, көшелерге цифрлық бағдаршамдар және жаяу жүргіншілер өткелдеріне аркалар орнатылды. Жібек жолы мен Абылайхан көшелерінде орналасқан «Жастар» орталығының қасына LED экран орнатылды. М.Мәметова көшесіндегі көпқабатты үйлердің алдына арнайы қоқыс тастайтын орындар жасалды.

Ауылдың 10 көшесіне ұзындығы 12,4 шақырымды құрайтын аяқжолдар төселді. Қ.Сәтбаев көшесіне ағын су латогы орнатылды. Ауылдық округ әкімі аппараты, Халыққа қызмет көрсету орталығы және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абай, Тәуелсіздік, Жастар және Орталық саябақтары жаңарып, Орталық саябаққа балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы салынды. С.Қожанов көшесінде аллея құрылысы жүргізіліп жатыр. Балдысу және Абай елді мекендеріндегі балалар ойын алаңдары жөндеуден өтті, ал Жеткіншек елді мекенінде жаңа ойын алаңы салынады. Қ.Рүстемов көшесінде айып автотұрағының құрылысы басталды. С.Қожанов көшесіне ұзындығы 1200 метр сәндік қоршаулар орнатылды.

Демеушілердің қолдауымен Жеткіншек шағын ауданында және Қарабұлақ елді мекенінде балалар ойын алаңдары салынып, Ж.Ерімбетов көшесінде футбол алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Инкай» БК жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілігімен округтегі 343 аз қамтылған отбасыға 686 тонна көмір тегін таратылды. Жыл соңына дейін Жібек жолы және Абай көшелерінің қиылысына аяқжол төсеу, бірқатар балалар ойын алаңдарын жөндеу (Т.Әлімқұлов мектебі маңы, А.Спатаев және Ш.Оқшиев көшелері), Жеткіншек шағын ауданында жаңа ойын алаңын салу, І.Кеңесбаев көшесінде арбат салу, Абылайхан көшесіне жаяу жүргіншілер өткелін орнату жұмыстары жүргізілмек.

Ал Құмкент ауылдық округінде 20-ға жуық әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Құмкент ауылында Абай және Есіркепұлы көшелері, сондай-ақ Қызылқанат және Жамбыл көшелері асфальтталып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылкөл елді мекенінде Уалиханов және Ш.Беркінбаев көшелеріне асфальт жабыны төселді. Сонымен қатар, Құмкент ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы жалғасуда, бұл нысан жақын күндері пайдалануға беріледі. Ауыл қарияларына арналған «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» орталығы ашылмақ. Орталыққа арналғар нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құмкент және Қызылкөл елді мекендерін жарықтандыру жұмыстары толық аяқталған.

Биыл ауылдағы Берденұлы, Жылыбұлақ және Тасарық көшелерінде, сондай-ақ Қызылқанат пен Қызылкөл елді мекендерінде бірнеше жаңа балалар ойын алаңдары салынды. Құмкент ауылындағы Жастар саябағы жаңартылып, 600 шаршы метр аумаққа тротуарлық брусчатка төселді. Сонымен қатар ауыл көркін арттыру мақсатында «Ұлы Жібек жолы керуені» ескерткіші орнатылып, Воркаут алаңдары мен шағын сәулеттік пішіндерге арналған жабдықтар қойылды. Жыл соңына дейін Құмкент және Қызылкөл елді мекендерінен тағы екі жаңа балалар ойын алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.

Бұл округтерде істелген жұмыстың бәрі республикалық, облыстық және аудандық бюджет есебінен, сондай-ақ демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар. «Шолаққорған мен Құмкент ауылдық округіндегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және әлеуметтік нысандарды көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы.  

Түркістан облысы: «Жаңа жол» акциясы өтуде
Келес: ел игілігіне арналған жобалар жүзеге асырылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу