Қауіпсіз жол – қауіпсіз қоғамның кепілі

Oinet.kz 25-10-2025 24

2.jpg 

Түркістан облысында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту және олардың ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытында мемлекет деңгейінде жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары өңірде жол инфрақұрылымын жаңарту ісі қарқын алып, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Дегенмен, кей жағдайда ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ мөлшерінен артық жүк тасуы жаңадан салынған жолдардың тез тозуына және сапасының төмендеуіне әкелуде. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне де кері әсер ететіні белгілі.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, ауыр жүк көліктерінің әрбір осіне 8 тоннадан артық жүк артылмауы тиіс. Алайда, кейбір жүргізушілер бұл талапты елемей, 20–25 тоннаға дейін артық жүкпен жүріп, жол жабынына айтарлықтай зиян келтіруде. Осыған байланысты өңірде заң мен тәртіп қағидатын қатаң сақтау, жол қозғалысы ережелерін нығайту және бақылау жүйесін жетілдіру бағытында нақты қадамдар жасалуда.

Атап айтқанда, Түркістан облысының бірнеше аймағында автоматтандырылған өлшеу бекеттерін орнату бастамасы қолға алынып, бұл жоба жол сапасын сақтау мен көлік ағынын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Арыс қаласындағы Арыс–Темірлан және Арыс–Қабылсай бағыттарында екі заманауи автоматтандырылған өлшеу бекеті іске қосылды. Бұл жүйе ауыр жүк көліктерінің нақты салмағын автоматты түрде анықтап, заң бұзушылықтар орын алған сәтте оларды бірден тіркеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, небәрі қысқа уақыттың ішінде осы екі бекет арқылы 1820 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркеліп отыр.

Ауыр көлік жүргізушілерінің тарапынан айыппұлдарға қатысты наразылықтар туындаған соң, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы Арыс қаласына барып, жағдайды жеке бақылауына алды. Тиісті мекемелер мен сарапшылар тобы бірігіп, өлшеу бекеттерінің техникалық дұрыстығын, өлшеу нәтижелерінің заң талаптарына сәйкестігін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зертханалық сараптама қараша айының соңында толық аяқталып, қорытындысы жарияланатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі жол қауіпсіздігі мәселесін ерекше атап өткен болатын. Президент: «Жол – елдің өмір артериясы. Бірақ, өкінішке қарай, жол апаттары азаймай отыр. Сондықтан жолдардағы бақылау мен жауапкершілікті күшейту керек. Қауіпсіз жол – қауіпсіз қоғамның кепілі» деген еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастаған «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында жол қозғалысы мәдениетін арттыру, апаттардың алдын алу, ауыр жүк көліктерінің жүру тәртібін реттеу, көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар іске асуда.

Бұл тұрғыда Түркістан облысында орнатылған автоматтандырылған өлшеу бекеттері тек жолдың сапасын сақтау үшін ғана емес, сонымен бірге «Қауіпсіз ел» бастамасының нақты тетігі ретінде қызмет етуде. Өйткені артық жүктелген көліктер жол жабынына ғана емес, жол бойындағы басқа қатысушылардың өміріне де қауіп төндіреді. Ал автоматтандырылған жүйелер адамның араласуынсыз, бейтарап түрде өлшеу жүргізіп, заң бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді.

Жол сапасын сақтау – тек инженерлік мәселе емес, бұл елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Әрбір салмақтан асқан көлік – жүздеген метр жолды зақымдап, мемлекетке миллиондаған теңге шығын келтіреді. Сондықтан заң мен тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстану және заманауи технологияларды енгізу – бүгінгі күннің басты талабы.

Осыған байланысты, Түркістан облысында қолға алынған автоматтандырылған өлшеу бекеттері – жол сапасын қорғаудың, көлік қозғалысын тәртіпке келтірудің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді құралы болып табылады. Бұл бастама Ел Президентінің тапсырмаларына сай жүзеге асырылып, өңірдің көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға зор үлес қосады.

Жалпы алғанда, бұл жүйенің іске қосылуы – тек техникалық жаңашылдық емес, заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жаңа кезеңнің бастауы. Бақылау мен жауапкершілік қатар жүрген қоғамда ғана қауіпсіздік пен даму үйлесім табады.


«Отбасын қолдау орталығы» құқықтық көмек көрсетеді
Заңдылықты сақтау --қоғамның ортақ міндеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу