Заңдылықты сақтау --қоғамның ортақ міндеті
 
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалануға және қызыл сызық ережелерін бұзуға қарсы күрес жаңа деңгейге көтерілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, барлық аудан мен қала әкімдіктері, сондай-ақ облыстық полиция департаменті қызметкерлері заңсыз қазба жұмыстарының жолын кесу бағытында бірлескен іс-шараларды күшейтіп отыр. Бұл бастама табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және заң мен тәртіп қағидатын нығайту мақсатында жүзеге асырылуда.
Жетісай ауданында бұл бағыттағы жұмыстар ерекше қарқын алды. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте заңсыз жер қойнауын пайдалану мен ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс құрылыс материалдарын тасымалдау мәселесі кеңінен талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, жауапты бөлімдердің басшылары, қала мен ауылдық округ әкімдері қатысып, өңір аумағында заң бұзушылықтарды болдырмау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аудан басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің басшыларына, сондай-ақ кәсіпкерлік және құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне жолдардың бұзылуына жол бермеу, ауыр көліктердің шамадан тыс жүк артпауы үшін тұрақты бақылау орнату, қызыл сызықты бұзып заңсыз сауда нүктелерін орнатқан тұлғаларға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Әкімнің айтуынша, мұндай заң бұзушылықтар тек жол мен инфрақұрылымға зиян келтіріп қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір жауапты тұлға мен мекеме бұл мәселеге немқұрайлы қарамауы тиіс.
«Жер қойнауын пайдалану кезінде және құрылыс материалдарын сату барысында заң талаптарын сақтамаған кәсіпкерлерге, қызыл сызықты бұзып сауда жасап отырған нысандарға қарсы нақты шаралар қабылдануы қажет. Бұл – тек әкімдік немесе полицияның емес, қоғамның ортақ міндеті. Әрбір басшы өз учаскесінде заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге міндетті» – деді аудан әкімі Серік Мамытов.
Қазіргі таңда ауданда жергілікті әкімдер мен жауапты бөлімдер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, рейдтік шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – заңсыз карьерлер мен топырақ, құм, қиыршық тас өндіретін орындардың қызметін тоқтату және табиғатты қорғау нормаларын бұзған тұлғаларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту. Мұндай әрекеттер «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңның талаптарына тікелей қайшы және мемлекет мүддесіне үлкен залал келтіреді.
Сонымен қатар, қызыл сызық ережесін бұзу мәселесі де ерекше назарда. Қызыл сызық – елді мекен аумағындағы құрылыс пен сауда нысандарының орналасу тәртібін реттейтін маңызды жоспарлау шекарасы. Бұл ережені бұзу жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзады. Сондықтан аудан бойынша мұндай нысандарға қатысты бақылау шаралары күшейтілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығын үнемі атап келеді. «Заң үстемдігі – Әділетті Қазақстанның басты қағидасы. Мемлекеттік органдар мен азаматтар заң алдында тең болуы керек. Кімде-кім заңды бұзса, ол міндетті түрде жауап береді». Осы ұстаным өңірдегі барлық бастамалардың негізіне айналып отыр.
Жетісай ауданында жүргізіліп жатқан бұл шаралар тек заң бұзушыларға ескерту ретінде емес, сонымен бірге тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, заңды сақтау жауапкершілігін күшейту мақсатында да қолға алынған. Бұған дейін де аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ өкілдері тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, заңсыз жер қойнауын пайдалану мен қызыл сызық нормаларын бұзудың салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Бұл бағыттағы ақпараттық және профилактикалық шаралар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жалғасуда.
Жер қойнауы – мемлекет меншігі, оны сақтау – әрбір азаматтың борышы. Сондықтан жер ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – заңның үстемдігін сақтаудың айқын көрінісі. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тарапынан бақылау тетіктері жетілдіріліп, әрбір аудан мен қалада бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі сипат алуда.
Осылайша, Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдалану мен қызыл сызық ережесін бұзуға қарсы күрес тек әкімшілік шаралармен шектелмей, кешенді түрде жүргізілуде. Бұл – елдегі құқықтық тәртіпті нығайтудың, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және табиғатты қорғаудың маңызды бөлігі. Заң мен тәртіп қатаң сақталған жерде ғана әділетті қоғам мен тұрақты даму орнайтыны айқын.


