Күздің әрбір сәті елге молшылық пен табыс әкеледі

Oinet.kz 25-10-2025 22

2020_10_23_22-10-img_6611-—-kopiya.jpg

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні Түркістан қаласы мен аудандарда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі де ұйымдастырылып өткізілуде. Бағаны тұрақтандыруға әлеуметтік дүкендердің де қосып отырған үлесі мол.

Мәселен, жуырда Ордабасы ауданындағы Темірлан елді мекенінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жаңа әлеуметтік дүкен ашылды. Әлеуметтік дүкендер жобасы тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, бағаның тұрақтылығын сақтау және отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Жоба аясында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт жасалып, дүкенге 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі жеткізілуде. Сонымен қатар «Ордабасы құс», «Ордабасы нан», «Бөрте Милка», «Инфрастрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты жергілікті кәсіпорындармен де әріптестік байланыс орнатылған. Аталған кәсіпорындардың өнімдері дүкен сөрелерінде өндіруші бағасымен, яғни нарықтағы бағадан шамамен 20 пайызға төмен сатылуда.

Атап өтер болсақ, аталған әлеуметтік дүкенде 18 түрлі азық-түлік өнімі қолжетімді бағада ұсынылған. Мысалы, 10 дана жұмыртқаның бағасы 450 теңге болса, бір килограмм ұнның бағасы – 190 теңге. Сонымен қатар күріш (1 кг) – 350, картоп – 130, пияз – 65, сәбіз – 110 теңге, 1 литр сұйық май 610 теңгеден сатылуда.

Облыста азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған жәрмеңке Қазығұрт ауданындада ұйымдастырылып, «Republic Day» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке отандық өнімдерді насихаттау, жергілікті шаруалардың еңбегін қолдау және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Шараға ауданның барлық ауыл округтерінен шаруашылықтар мен кәсіпкерлер өз өнімдерін әкеліп, нарық бағасынан төмен бағада ұсынды. Сөрелерге ет пен сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, бал, ұн және басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары қойылды.

Мұндай жәрмеңке Сауран ауданында да өткен болатын. Осы жәрмеңке аясында Сауран ауданында дәстүрге айналған «Алтын күз – 2025» ауыл шаруашылығы мерекесі өтті. Шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, табиғи әрі сапалы өнімдер тұрғындарға ұсынылды. Сауда сөрелерінде ет, сүт, бал, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері мен түрлі тұрмыстық тағамдар арзандатылған бағамен сатылды. Мерекеге қатысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жиналған қауымды «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен» құттықтап, салада абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан еңбеккерлерге арнайы «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сондай-ақ ауданға қарасты Шорнақ ауылдық округіндегі «Әлеуметтік сауда орындарында» жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы өнімдері тұрғындарға төмен бағада ұсынылды. Бұл игі шара халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдеріне қолжетімділігін арттыруға, әлеуметтік қолдау көрсетуге және жергілікті өндірушілерді ынталандыруға бағытталған. Атап айтқанда, сәбіздің килограмы – 180, сары сәбіз – 350, қызылша – 180, пияз – 90, картоп – 190, қырыққабат – 180, асқабақ – 170 теңге, шалғам (редка) – 180 теңгеден өткерілді.

Бұл сауда нүктелерінде бағаның қолжетімділігімен қатар, өнімдердің сапасына да ерекше мән берілуде. Тұрғындар таза, балғын және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өнімдерді еш делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып алу мүмкіндігіне ие. Мұндай әлеуметтік жобалар аудан халқының тұрмыс сапасын жақсартуға және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Бұл бастама өңірдегі азық-түлік нарығын тұрақтандырып қана қоймай, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің де табысын арттыруға жол ашады.

Сонымен қатар осы жәрмеңкенің шеңберінде Бәйдібек ауданында «Алтын күз – береке мен ырыстың бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті. Дәстүрлі мереке ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлеріне құрмет көрсету және күзгі науқанның қорытындысын атап өту мақсатында ұйымдастырылды. Салтанатты жиында аудан әкімінің міндетін атқарушысы Бақыт Қырғызалиев көпшілікті мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына алғыс білдірді.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан еңбек озаттарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді. «Алтын күз – 2025» мерекесі қарсаңында ауыл шаруашылығы саласын қолдау және елді мекендердің техникалық әлеуетін арттыру мақсатында ауылдық округ әкімдіктеріне 11 трактор тіркемесі, 3 жүк тиегіш   және аудандық мәдениет үйіне 1 автокөлік (Газель) табысталды. Бұл қадам – ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Дегенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында тұр.

«Өрлеу» бағдарламасымен өрлеген жобалар
Созақ: Елді мекендердің инфрақұрлымы жақсара түскен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу