Созақ: Елді мекендердің инфрақұрлымы жақсара түскен

Oinet.kz 26-10-2025 25

1566278476_rodob-jo-627x834.jpg

Созақ ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мен әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша, биыл Таукент кентінде 4 көшеге, атап айтсақ, Тәуелсіздік, Көкбұлақ, Мәңгілік ел және Болашақ көшелеріне жалпы ұзындығы 2420 метр болатын асфальт жабындысы төселіп, ел игілігіне берілген. Сонымен қатар көпқабатты 15 тұрғын үйдің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бордюрлар ауыстырылып, асфальт төселген. Көкжиек, Жыныс ата және І.Кеңесбаев көшелеріндегі тұйық көшелерге жалпы ұзындығы 3815 метр қиыршық тас төселіп отыр.

Сондай-ақ кенттегі І.Кеңесбаев, Ш.Бекжанов көшелерінің тұйық учаскелеріне, сонымен қатар Көкбұлақ көшесіне, Бесбұлақ саяжайы мен І.Кеңесбаев мектебіне дейін көше жарықтары орнатылған. №132 көпқабатты тұрғын үйден бастап Таукент кенті мәдениет үйіне дейінгі аралықта жаңа аяқжол салынған. Сонымен бірге «Оңтүстік жарық транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестбағдарламасы аясында Х.Тоқмұхамедов және С.Тойшыұлы көшелеріндегі ескі бағаналар мен сымдар ауыстырылып, «Тастақ» трансформаторы жаңартылуда. Бұл жұмыстар аяқталған соң тұрғындарға сапалы электр қуаты жеткізіледі. Компания 2026 жылы Бесбұлақ саяжайындағы 115 электр бағанасын жаңартып, трансформатор желілерін жаңалау жұмыстарын да жүргізбек.

Тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында І.Кеңесбаев және Жыныс ата көшелерінде жаңа электр бағаналары мен сип-кабель сымдары орнатылып, заманауи трансформаторлар қойылды. Қазіргі таңда 10 кв – 11 және 0,4 кв – 129 бағана орнатылды. Сонымен қатар І.Кеңесбаев көшесіндегі электр тарату бекетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал демеушілер есебінен Көкжиек көшесіндегі ұзындығы 3000 метр электр сымдары сип кабельге ауыстырылып, жаңа бағаналар орнатылуда. Таукент кентіндегі Тәуелсіздік және Жыныс ата көшелеріндегі тозығы жеткен футбол мен балалар ойын алаңшаларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, балаларға қолайлы жағдай жасалды. Көпқабатты 15 үйдің аулаларындағы ойын алаңдары қоршалып, №132 және №50 үйлер маңындағы футбол алаңдары жөнделді. Ал Алмалы көшесінде жаңа балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында №132 үй маңындағы аялдамаға мультимедиялық арка, бағдаршам, LED-экран және жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ кенттің кіреберісіне орнатылған LED-экран арқылы мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды хабарламалар көрсетіліп келеді. Орталық маңызы бар Астана көшесінде жолдың ортасына сәндік қоршау орнатылды. Бойына қарағаш, павлония және шырша ағаштары отырғызылды. Суару жүйесі де іске қосылды.

Жылыту маусымына дайындық барысында жылу жүйесі жөндеуден өтті. Қазандыққа жаңа бойлер орнатылып, іске қосылды. Кент аумағында жалпы ұзындығы 1340 метр жылу құбыры ауыстырылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелері шаю және сығымдау жұмыстарынан өтті. Қазіргі таңда Таукент кентіндегі барлық қазандықтар толық дайындыққа келтіріліп, жылу беру жүйесі тұрақты жүргізілуде.

Мұндай жұмыстар аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтың сөзінше Жартытөбе ауылдық округінде де атқарылуда. Жартытөбе ауылдық округінде биыл 25 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, елді мекеннің келбеті айтарлықтай жақсарды. Жол жөндеу және көлік инфрақұрылымы бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бабата елді мекенінің атауы жоқ №1 көшесіне және Аққолтық елді мекеніндегі №6 көше мен Жартытөбе ауылындағы атауы жоқ №1 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық маңызы бар КХ-2 «Ұланбел-Созақ-Екпінді» бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолынан Аққолтық елді мекеніне дейінгі 3 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жақсарту бағытында да нақты істер қолға алынды. Жартытөбе ауылдық округі әкімдігі ғимараты мен ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бабата елді мекеніндегі саябақ көркейтіліп, көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Бабата ауылынан жаңа балалар ойын алаңы салынды. Жартытөбе ауылындағы «Астана» саябағына сахна орнатылып, аумақ абаттандырылуда. Ауылдың кіреберісіндегі аркаға ағымдағы жөндеу жасалды. Сонымен қатар Ардагерлер паркі мен Жастар саябағы толық абаттандырылып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалды.

Спорттық инфрақұрылым бойынша ауыл жастары үшін бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Жартытөбе ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы қарқынды жүріп, аяқталуға жақын. Бабата және Жартытөбе ауылдарында кіші футбол және балалар ойын алаңшалары орнатылды. Аққолтық елді мекеніндегі Әлібиев көшесінде кіші футбол және балалар алаңы салынды. Көше жарығы мен қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Аққолтық, Жартытөбе ауылдарындағы Арқабаев, С.Сейфуллин, Иманқұлұлы және бірқатар көшелерге көше жарығы орнатылды. Жалпы ұзындығы 4,3 шақырымнан астам жарық шамдары іске қосылды. Сонымен қатар ауылдық округке бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артты.

– Бүгінгі таңда Жартытөбе ауылдық округінде 25 жоба сәтті жүзеге асты. Бұл мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың ынтымағының арқасы. Әр жоба ауылдың болашағына салынған берік іргетас. Алдағы уақытта да елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Басты мақсат тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған, – деді аудан әкімі.

Қос ауылдық округте аудан әкімі округ тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыс барысына жақсы баға берді.

Күздің әрбір сәті елге молшылық пен табыс әкеледі
В Казахстане завершается уборка урожая хлопчатника
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу