«Өрлеу» бағдарламасымен өрлеген жобалар

Oinet.kz 25-10-2025 23

U7avXt15645679617616_b.jpg

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан өңір экономикасын дамытуға бағытталған жобалар көп. Жалпы құрылыс саласы болсын, инфрақұрылым жүйесі мен түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста салынып жатқан өндіріс ошақтарында даму тенденциясы байқалады. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 11,7 миллиард теңгені құрайтын 29 жобаға қолдау көрсетілген. Соның бірі – «QazEcoPack» кәсіпорны.

Бұл кәсіпорын – өндірісте, тұрмыста және кеңсеге керек жабысқақ лента және жүк орайтын стрейч-плёнка шығарады. Зауыт жылына шамамен 1200 тонна өнім шығарады. Өнімдер жоғары сапасымен, беріктігі және қолданудағы әмбебаптығымен ерекшеленеді. Кәсіпорын экологиялық таза шикізатты және заманауи технологияларды пайдалана отырып, халықаралық стандарттарға сай өнім ұсынады.

Ал бағдарлама аясында қолдау көрген келесі нысан Түлкібас ауданында орналасқан «Beibars Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл зауыт газдалған және газдалмаған сусындар, табиғи шырындар мен минерал су өндіреді. Негізгі өнімі – әлемге танымал «RC Cola» бренді. Зауыт жылына 120 мың тонна сусын шығарады. Өндіріс процесінде заманауи еуропалық жабдық пен сапасы мұқият бақылауда болатын табиғи су пайдаланылады. Компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 12,6 пайызбен жеңілдетілген несие алып, өндірісті одан әрі дамытуда. Бұл қадам кәсіпорынның тұрақты өсуіне және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашып отыр.

Осы бағдарлама аясында жұмысын жолға қойған келесі кәсіпорын «МК ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 500 тонна ұн өндіруге мүмкіндік береді. Кешен құрамындағы екі диірмен мен 105 мың тонналық элеватор астықты қабылдап, өңдеп және жыл бойы сақтай алады. Өндіріс процесінде дәстүрлі технологиялар мен заманауи жабдықтар үйлесім тапқан. Ұн тек іріктелген жоғары сапалы бидайдан өндіріледі. Бүгінде «ALTYN NAN» жоғары, бірінші және екінші сорттағы ұн шығарып, отандық нарықта сенімді брендке айналып келеді. Компания алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, экспортқа шығу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Бұдан бөлек, Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауына алынған 180-нен аса құрылыс нысаны бар. Оның 52-і жаңа нысан болса, 128-і – өтпелі нысандар. Нақтырақ айтқанда, 2 әкімшілік ғимаратының, 17 білім нысанының, «Келешек  мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 нысанның, 4 денсаулық сақтау нысанының, 19 мәдениет нысанының, 26 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында – 4, абаттандыру саласында – 1, инженерлік инфрақұрылым саласында – 54, «Тұран» АЭА инженерлік инфрақұрылым жүйелері саласында – 4, әлеуметтік салада – 1, тұрғын үй құрылысы саласында 32 нысанның құрылысы жүруде. Жыл қорытындысымен 104 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, қалған 76 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталмақ. Бүгінгі таңда 68 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған 36 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.

Өңірде тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды шаралар қабылдануда. Осы мақсатта жалпы ауданы 132,5 мың шаршы метрді құрайтын кредиттік 2138 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысына бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар 176 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Атап айтқанда, Төлеби ауданында 3 тұрғын үй, Жетісайда 1 тұрғын үй жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Одан бөлек, облыс аумағында 578 арендалық пәтер сатып алу жоспарланып, бүгінгі таңда 180 пәтер сатып алынды. Қалған 398 пәтер жоспарға сәйкес жыл соңына дейін сатып алынбақ. Сондай-ақ 2015 пәтерлі кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделген. Қазіргі уақытта 1 720 пәтер сатып алуға келісімшарттар түзіліп, Кентау қаласы мен Сайрам аданында 108 пәтер сатып алынды. Ал, Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Ордабасы, Жетісай аудандарында тұрғын үйлер салынуда.

Облыста инженерлік-инфрақұрылыммен қамту мақсатында биыл 29 нысанды пайдалануға беру жоспарланып, бүгінгі таңда 11 нысан пайдалауға қабылданды. Қалған 18 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жоғарыда айтқанымыздай, «Өрлеу» бағдарламасымен және өңірде жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандарының барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында тұр.  

Келер жылы Мақтаарал өңірі табиғи газбен толық қамтамасыз етіледі
Күздің әрбір сәті елге молшылық пен табыс әкеледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу