Келер жылы Мақтаарал өңірі табиғи газбен толық қамтамасыз етіледі

Oinet.kz 24-10-2025 22

a674273f14a44ab53350b56e9c5a921c.jpg

Соңғы жылдары Мақтаарал ауданда көгілдір отынмен және таза ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, бүгінде ауданға қарасты 68 елді мекеннің 57-і табиғи газ жүйесіне қосылған. Бұл – жалпы елді мекендердің 83,8 пайызын құрайды. Қалған ауылдарда газ жүйесінің құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жоспарланған жұмыстар толығымен жүзеге асқанда, 2026 жылдың соңына дейін Мақтаарал ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан, әлеуметтік маңызы зор аймақтардың бірі үшін орасан зор жетістік болмақ.

Жуырда аудандағы Жаңажол ауылдық округіне қарасты 2 мыңға жуық тұрғыны бар Өргебас ауылы табиғи газға қосылды. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, тұрмысын жеңілдету, экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік мақсатындағы бұл жобаның жүзеге асуы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жарқын нәтижесі. Осы қуанышты жаңалықты бөлісу мақсатында Өргебас ауылына аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков арнайы барып, ауыл тұрғындарын шын жүректен құттықтады. Шара барысында газ мамандарымен бірге газ қауіпсіздігі жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Тұрғындар да мереке қарсаңында бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдағанын айтып, газдың келуіне атсалысқан облыс, аудан басшылығына және қаржы бөлдіруге үлкен үлес қосқан облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Қанаевқа алғыстарын білдірді. 

Ауданда табиғи газбен қамту жұмыстарын 2026 жылы толық аяқтау көзделген болса, сол сияқты таза ауызсу жүйесін де алдағы жылы аяқтау жоспарланған. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, аудандағы 69 елді мекеннің барлығы да орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Бірақ ішінара таза ауызсу жүйесін жаңартуды қажет ететін елді мекендер бар. Бүгінгі күні сол ауызсу құбырлары жаңартылып, жаңғыртылуда. Бүгінде жаңғыртылуды қажет ететін ауыз су жүйесі Атакент кентіне жүргізілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары аудан әкімінің тікелей бақылауында. Аудан басшысының сөзінше, Атакент кентінің 2-бөлігі мен Өркениет елді мекенінде таза ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 миллиард 881 миллион теңге бөлінген. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 532,1 миллион теңге. Ол нысанның құрылысын «Радикон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзуде.

Мұндағы нысан құрылысы 2026 жылға өтпелі болғанымен, бүгінгі күнге дейін жұмыс көлемінің 65 пайызы орындалған. Қазіргі таңда сыйымдылығы 1000 м³ болатын 2 су резервуарлары орнатылған. Тереңдігі 275-280 метр болатын 2 ұңғыма қазылған. 320 метр қоршау, 1 бақылау-өткізу пункті (КПП) және 1 насос станциясы салынған. Диаметрі әртүрлі болатын полиэтилен құбырлары төселген.

Бұл жобаның іске асырылуы нәтижесінде Атакент кенті мен Өркениет елді мекенінің тұрғындары таза және тұрақты 24 сағат бойы ауыз сумен қамтылады. Аудан басшысы құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуын басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Айта кетейік, ауданда елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алайда, ауыз су жүйелерінің тозығы жеткен 10 елді мекенге қайта құру жұмыстарын жүргізу қажет етеді. Атакент кенті мен Өркениет елді мекені аталған 10 елді мекеннің қатарында еді. Келесі жылдың соңына дейін қалған елді мекендердің де ауыз су жүйелері жаңғыртылып, ауданда ауыз су мәселесі толығымен шешу жоспарлануда.

Ордабасы: жұмыспен қамтудағы жүйелі жұмыстар атқарылуда
«Өрлеу» бағдарламасымен өрлеген жобалар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу