Ордабасы: жұмыспен қамтудағы жүйелі жұмыстар атқарылуда

Oinet.kz 24-10-2025 26

64a2ab1a903af333535533.jpg

Ордабасы ауданында жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыспен қамту бастамалары жандана түсті. Осы ретте Ордабасы ауданының орталығында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруді мақсат еткен «Нәтижелер жәрмеңкесі» атты ауқымды іс-шара өтті. Ол Мәдениет үйінде ұйымдастырылып, іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаты Талғат Жанысбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен тұрғындар қатысты.

Аудан әкімінің айтуынша, өткізілген жәрмеңкенің басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлік белсенділікті арттыру арқылы аудан экономикасын өркендету. Өткен жылы жұмыссыздық 4 пайыз шамасын құраса, оның 3 пайызын жастар құраған. Сондай-ақ Президент тапсырмасына сәйкес жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту, халықтың әлеуметтік сапасын арттыруға ауданда баса мән берілуде. Жиында аудан әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебі тыңдалды. Есепте 2024 жылы атқарған жұмыстарының және 2025 жылдың 9 айында атқарылған жұмыс барысы талқыланды. Бүгінгі күні бөлім жұмысы негізгі төрт бағытта жүзеге асырылуда. Олар, халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау және арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Бұл бастама «Еңбек нарығын арттырудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Жұмысшылар жылы» аясында жүзеге асырылуда. Іс-шара барысында ауданның еңбек нарығындағы нақты жетістіктері мен көрсеткіштері таныстырылды.

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың сөзінше, өңірлік жұмыспен қамту картасы негізінде 2025 жылы 7484 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 7218 жаңа жұмыс орны құрылған. 1541 азамат субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылған. Ал «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 2030 жұмыс орны ашылып отыр. Жиында аудан басшысы сөз сөйлеп, жұмыспен қамту мен еңбек нарығын дамыту елдің тұрақты өсіміне негіз болатынын атап өтті.

– Жұмыспен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының өзегі. Әрбір азаматтың еңбегі мен табысы – ауданның, облыстың және жалпы елдің тұрақты дамуының кепілі. Еңбек адамын қолдау, жұмыс орындарын көбейту – біздің басты міндетіміз, – деді ол.

Шара барысында өңірдің өркендеуіне үлес қосып, кәсіпкерлік пен еңбек саласында жоғары белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді. Жәрмеңке соңында қатысушылар бос жұмыс орындарымен танысып, еңбек және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңес алды.

Ордабасы: Кәсіпкерлер форумда бас қосты
Келер жылы Мақтаарал өңірі табиғи газбен толық қамтамасыз етіледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу