Ордабасы: Кәсіпкерлер форумда бас қосты

Oinet.kz 23-10-2025 23

forum.png

Ордабасы ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа инвестицияларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы мақсатта бүгін Бадам елді мекеніндегі «Kazkioti» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимаратында аудан кәсіпкерлігін дамытуға арналған кәсіпкерлердің ІІІ форумы өтті.

Басқасу аясында аудан кәсіпкерлерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық және өңірлік қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер, жастар ұйымдарының жетекшілері мен ауыл округ әкімдері қатысты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында бірқатар нақты міндеттерді айқындап берді. Сондай-ақ Президент Жолдауында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ауданда шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Осы қордың сүйемелдеуімен ауданымызда көптеген кәсіпкерлер ісін бастап, табыс табуда, – дейді аудан әкімі Азат Оралбаев.

Жалпы форум аясында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері таныстырылып, кәсіпкерлікті дамытудағы бірқатар мәселелер талқыланды. Шара барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов, «Ырыс» шағын несие ұйымының директоры Мұхит Мыңбаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бақдәулет Еркеқұл және корпорация басшысының орынбасары Нұрлыбек Исаев кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

– «Даму» қорының басты миссиясы – 2033 жылға дейін макро, шағын және орта кәсіпкерлікті кешенді қолдау құралдарын жүзеге асыру арқылы ел экономикасын нығайту. Биыл мемлекет кәсіпкерлерді қолдау үшін маңызды қадам жасады. Президенттің тапсырмасы мен Үкіметтің 2 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, кәсіпкер алдында тұрған ең үлкен қиындықтардың бірі – банктен несие алу кезінде кепілзаттың жеткіліксіздігі екені анықталды. Көптеген кәсіпкерлер несие алғысы келгенімен, банктер талап ететін мүлікті немесе кепілді ұсына алмайды. Осы мәселені жеңілдету үшін «Даму» қоры жаңа шешім ұсынып, екі түрлі кепілдік құралы енгізілген. Бұл құралдардың көмегімен кәсіпкерлер банктен несие алу кезінде жетіспейтін кепілдіктің орнын мемлекет толтырады. Осы қолдаудың жемісін Ордабасы ауданының кәсіпкерлері де көріп отыр, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы Данияр Аяпов.

Кәсіпкерлік саласындағы маңызды алаң аясында 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы өткізіліп, аудан әкімдігі мен жеке компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Alem Euro PIR» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын сэндвич-панель және PIR (полиизоцианурат көбік) өндірісін іске қосу жобасын, «Grand Pro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын жиһаз өндірісін құру жобасын, «PETRANA OIL GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1 миллиард теңгені құрайтын жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешенін дамыту жобасын іске асыру көзделуде. Форумнан кейін қатысушылар «Kazkioti» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс барысымен танысып, өндіріс үдерісін аралап көрді.

Шардара: Іске асырылған жобалар аз емес
Ордабасы: жұмыспен қамтудағы жүйелі жұмыстар атқарылуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу