Жетісай: Ауылдық округтер мен қалада көп жұмыс атқарылған

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың кезекті кездесуі Ж.Ералиев ауылдық округінде өтті. Жиында ауылдық округті сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, спорт алаңшалары мен жаяу жүргінші жолын салу, округтің инфрақұрылымын дамыту мәселелері баса айтылды. Атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешілу жолдары ұсынылды. Аудан басшысы бұған дейінгі кездесуде айтылған 13 мәселенің 5-і орындалып, 8-і тұрақты бақылауға алынғанын, одан да басқа ілкімді істердің жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Нақтырақ айтар болсақ, биыл Бәйтерек және Жетіқазына елді мекендерінің тұрғындары газ тұтыну мүмкіндігіне ие болса, Сейфуллин ауылна жақын күндері газ қосу жоспарлануда. Бәйтерек ауылын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Жазықсай елді мекенінен ауыз су құбыры тартылса, Бәйтерек ауылында Жүзтерек көшесі орташа жөндеуден өткен. Ал, Үтіртөбе елді мекенінен ауыз су ұңғымасы қазылып, СЭС сынамасының оң қорытындысы алынған. Қазірде аталған ұңғыманы елді мекеннің ауыз су желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биыл Арай ауылының кіре берісінен құны 37,4 миллион теңге болатын ойын алаңшасы мен саябақты ретке келтіру, Абай елді мекенінен 26,1 миллион теңге Ырысты көшесіне аяқжол салу жұмыстары басталса, Жаңа дәуір елді мекенінен 19,9 миллион теңгеге футбол алаңшасы салынды. Одан бөлек, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 4,8 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар толығымен аяқталған.
Серік Ұсенұлының кездесуімен осындай кездесуі Асықата кентінде де өтіп, онда да атқарылған жұмыстар жан-жақты баяндалды. Мұнда да алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан Талапты елді мекенінен кенттегі Жайлы мектепке оқушы тасымалы, аудандық аурухананың кәріз жүйесі, тік дренаждарды іске қосу, каналды тазалау, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға жер учаскесін беру секілді көтерілген 5 мәселенің бүгінде 3-і орындалса, 2-і тұрақты бақылауға алынған. Одан бөлек, кенттегі Досымов, Дулатов, Жаңа құрылыс, Аубакиров көшелеріне 62,2 миллион теңге бөлініп лотоктар, ал, Амирханов, Мұқанов, Әл-Фараби, Абылқасымов көшелеріндегі көп қабатты тұрғын үйлерге балалар ойын алаңшалары салынуда. Жароков көшсіне аяқ жол салуға тиісті қаржы бөлінген.
Сонымен қатар, «Тәуелсіздік» саябағын қайта жаңғырту және Жастар көшесін орта жөндеуден өткізу жұмыстары жүрген. Кенттің тазалығын қамтамасыз етуге 10 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнатуға 5 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толығымен аяқталған. Аталмыш жиында аудан басшысы кент аумағынан заманауи теннис орталығы мен медициналық орталықтың салынғанын, индустриялық аймақ пен өндірістік парктің құрлыстары қарқынды жүріп жатқанын да айтып өтті.
Ал аудан әкімінің қорытынды есебі Жетісай қаласында өтті. Ол жиынға аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаттары Әділхан Асауов пен Қаршыға Ақтөреева, Олжас Қаныбеков пен Сұлтан Әбдіғаппарұлы, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазов пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Елшібаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, білім беру және денсаулық сақтау саласының басшылары мен қоғамдық ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері, қала тұрғындары қатысты. Атқарылған жұмыстар айтылып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Ұсыныс-пікірлер талқыланып, күрмеуі қиын мәселелерді шешу жолдары ұсынылды.
Мұның алдындағы кездесуде қалалықтар тарапынан Хусаинов, Құрманғазы көшелерін жөндеу, С.Ерубаев көшесі №10/13 үйдің ауласында орналасқан балалар ойын алаңшасының құрылысын аяқтау, қаладағы санитария мәселесін ретке келтіру, Жетісай-Түркістан бағытына қатынайтын қоғамдық көліктердің қажеттілігі, қаладағы тік дренаждарды іске қосу, Космановтов көшесіндегі кәріз жүйесін ретке келтіру, Құрманғазы көшесі бойында орналасқан тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орынға бейне-бақылау камерасын орнату, №3 Ю.Гагарин мектебінің ауласында орналасқан тұрғын үйдің заңдылығын анықтау, Әжібеков көшесіндегі жол кедергілерін алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді көтерілген 16 негізгі мәселенің 8-і шешімін тапса, 8-і бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан басшысының сөзінше, биыл Жетісай қаласы аумағында тік дренажды ұңғыма салу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 30 миллион теңге қаралған. Бұдан бөлек, қаладағы тұрғын үйлерді таза ауыз суға қосу жұмыстары және Жоба І, Жоба ІІ шағын аудандарында таза ауыз су жүйелеріне облыстық трансферттер есебінен 10 миллион теңге қаралса, «Қажымұхан» атындағы орталық стадионға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Байтұрсынов көшесіндегі №25 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға жергілікті бюджеттен 10 миллион теңге қаралып, қаланы ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумағынан заманауи мәдениет үйі мен кітапхана, мұражай мен спорт кешені құрылыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылуда.
Одан бөлек, осы жылдың 8 айында кәсіпкерлер есебінен қалаға 548 миллион теңге инвестиция тартылып, пайдалануға берілген 7 нысанда 58 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 5 жерге Street Workout спорт алаңшалары салынған. Қосымша тағы 10 жерге Street Workout алаңшаларын орнату үшін 85 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Ә.Молдағұлова және Ә.Қашаубаев көшелері бойындағы көп пәтерлі үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшалары, А.Байтұрсынов №36, Т.Жүргенбаев №9 көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына спорт алаңшалары салынып, көпқабатты тұрғын үйлердің араларындағы тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған алаңшалар қайта жаңартылуда. 60,3 миллион теңгеге қаладағы 14 көше ағымдағы жөндеуден өтсе, 5 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 132 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, 11 көшеге жаңадан электр бағаналары мен трансформаторлар орнатуға 36 миллион теңге қаралып, жұмыстар басталса, Жетісай-Жылысу, Жетісай-Қарақай және Жетісай-Мырзакент бағыттары бойынша автомобиль жолдарын жарықтандыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
Кездесу барысында қаланың тазалығын сақтауға 130,3 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 16,9 миллион теңге қаралып тиісті жұмыстар жүргізілгенімен қала аумағын таза ұстау, санитариялық жағдайды жақсарту ісінде тұрғындардың белсенділігі төмен екенін айтқан аудан басшысы жауапкершілікті арттырып, тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген жерлерге тастамауға, көше мен аулаларды таза ұстау сияқты қарапайым қағидаларды сақтауға шақырды.
Кездесу барысында кент және қала тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген аудан басшысы мәселесін жеке айтамын деушілер үшін қабылдау өткізді. Айтылған әрбір ұсыныстар мен өтініштердің аяқсыз қалмайтынын айтып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.


