Түркістан қаласы: Жүзеге асырылған жобалар қала ажарын аша түсті

Oinet.kz 21-10-2025 18

IMG-20251023-WA0010.jpg

Жыл басынан бері Түркістан қаласының негізгі капиталына 316,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өңірде қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және саяхатшыларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну мақсатында жалпы құны 49,4 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба жүзеге асырылуда.

– Түркістан қаласы облыс орталығы ғана емес, еліміздің рухани астанасы. Сондықтан қалада салынатын әрбір ғимараттың сәулеті қатаң бақылауға алынған. Нысандар ұлттық нақышта әрі заман талабына сай бой көтеруі тиіс. Сондай-ақ қалада жүзеге асырылып жатқан жобалар өңір туризімін дамытуға, қаланың көркеюіне бағытталған, – деді қала әкімінің орынбасары Әбілсейіт Байсейітұлы. 

Түркістан қаласында Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыру, Рәміздер алаңы, Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасатын мейрамхана және қонақ үй жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында көріктендіру және абаттандыру жобалары да жүзеге асырылып жатыр. Қала әкімінің орынбасары Әбілсейіт Байсейітұлының айтуынша, биыл Түркістан қаласында 214625 ағаш және бұта көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 84075 ағаш көшеті көктем мезгілінде, ал 134250-і күзгі маусымда отырғызылуда.

Көгалдандыру жұмыстары жалпы 190 гектар аумақта жүргізіліп, 25 көше бойын, 11 демалыс аймағын (саябақтар, скверлер, аллеялар және т.б.) және 4 жасыл белдеуді қамтиды. Егілетін көшеттер құрамына 15 түрлі ағаш және 2 түрлі бұта түрі енгізілген. Қазіргі таңда шұңқыр қазу және ағаш егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Барлық жұмыстар тұрақты бақылауда.  

Ал Республика күні мерекесінде Түркістан қаласында жаңартылған «Парасат» саябағы ашылған. «Парасат» саябағы – түркістандықтардың еркін демалып, отбасы және балаларымен уақыт өткізуіне арналған маңызды нысандардың бірі. Саябақты қайта жаңарту жобасы 2021 жылы әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған болатын. Қайта жаңарту жұмыстары бірнеше кезең бойынша жүргізілді. «Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстарын Түркістан қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.

Жалпы аумағы 14 гектарды қамтитын саябақта тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалды. 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, заманауи жарық шамдары орнатылды. 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, 100-ден астам орындық қойылды. Сонымен қатар, саябақ аумағында балалар ойын алаңдары, футбол, баскетбол және теннис алаңдары салынды. Бұл спорт және ойын алаңдарын қала тұрғындары тегін пайдалана алады.

Сондай-ақ, веложолақтар мен жаяу жүргіншілер жолдары, жазғы сахна және тынығу аймақтары қарастырылған. Жаңартылған саябақ қаланың көркін ашып қана қоймай, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына және отбасы демалысын тиімді ұйымдастыруына мүмкіндік береді. «Парасат» саябағының қайта жаңаруы – Түркістан қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың бір көрінісі. Біздің мақсатымыз – Түркістанды заман талабына сай, тұрғындарға барынша қолайлы әрі көрікті қалаға айналдыру.

– Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң қабылданды. Осы Заң аясында Түркістанға қолдау күшейтіліп, шаһардың туристік әлеуеті артуда. Соның айқын көрінісі – жаңарған «Парасат» саябағы. Аталған саябақты қайта реконструкциялау жұмыстары 2023 жылы басталып, бүгінде толық жаңартылып, ел игілігіне беріліп отыр. Жаңарған саябақ қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсететін болады, – дейді ол.

Бұдан бөлек Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар өнер және спорт нысандарының құрылыстары да қатар жүргізілуде. Соның бірі Байсеитов көшесінде орналасқан жаңа Өнер орталығы. Бұл орталық Республика күні қарсаңында ашылды. Оның салтанатты ашылу шарасына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қала басшысы тұрғындарды жаңа Өнер орталығының ашылуымен құттықтап, жаңа нысанның жас ұрпақтың шығармашылығын дамытуына, өнер мен білімге деген қызығушылығын арттыруға серпін беретін маңызды мәдени кеңістік екенін атап өтті.

К.Байсеитов көшесінде орналасқан нысанға биыл маусым айында мердігер мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісімшарт жасалып, үш ай ішінде орталықта ауқымды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қысқа мерзім ішінде толық жаңартылған ғимарат қазіргі заман талаптарына сай безендіріліп, заманауи бағытта пайдалануға берілді. Өнер орталығында 36 түрлі үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында робототехника, ағылшын тілі, Ясауитану, би, қолөнер және өзге де бағыттар бар. Жалпы 1460 бала үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып келеді.

Бүгінде Түркістан қаласында 6 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Бүгін жаңа ғимаратқа ие болып отырған қос мекемемен қатар «Оқушылар сарайы», «Ақжайық» музыка мектебі, Балалар саз мектебі және «Қолөнер мектебі» де балаларымызды қосымша білім беруге қамтып, түрлі үйірмелерді жүргізіп келеді. Аталған білім беру мекемелеріндегі 60-тан астам үйірмелерде 3429 бала қосымша білім берумен қамтылған. Сонымен қатар, 50000-ға тарта оқушы мектептегі үйірмелерге қатысады. Бұл қаламыздағы жалпы оқушылардың 85,7 пайызын құрайды.

Келесі нысан Бекзат шағын ауданында орналасқан жаңа спорт кешені. 2024 жылдың мамыр айында басталған нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланған. Спорт кешенінде күрес және бокс секциялары үшін толық жағдай жасалып, сыртқы футбол алаңы да қарастырылған. Сонымен қатар мұндай спорт кешен М.Мақатаев көшесінде де салынуда. Бұл нысанның құрылысы биыл мамыр айында басталып, қазан айында халық игілігіне берілді. Мұнда күрес және бокс үйірмелеріне арналған залдар қамтылған. Бұл нысанның да ашылу салтанаттына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Әкім өз сөзінде қаланың әрбір ауданында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда күрес және бокс үйірмелеріне арналған кең, жарық залдар жасақталған. Мұнда жастар кәсіби жаттығулар жасап, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындалуға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 265 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарында «Түркістан Арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және өзге де ірі спорт нысандары бар. Сондай-ақ қалада 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні мен 18 теннис корты тұрақты жұмыс істейді.

Жетісай: Ауылдық округтер мен қалада көп жұмыс атқарылған
Шардара: Іске асырылған жобалар аз емес
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу