Жетісай: қолға алынған жобалар аяқсыз қалмайды

Oinet.kz 20-10-2025 16

0hTyiVQ6RQ3MHAeze0IGA3CDvEhrjcHCxBw8yyVj.jpg

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі жалғасын табуда. Келесі кездесуі Жетісай қаласымен іргелес орналасқан Жаңа ауыл ауылдық округінде өтті. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен күрмеуі қиын мәселелерімен қатар округте атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктері кеңінен сөз болып, ұсыныс-пікірлер талқыланды. Қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

Аталған округте бұған дейін болған кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген 6 мәселе бойынша аудан әкімі арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол биыл Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атақоныс елді мекендеріндегі таза ауыз сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысына қаржы қаралып, тиісті жұмыстардың өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына тоқталды. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Ынтымақ елді мекенінен балалар және «Workout» алаңшалары орнатылса, Әбдіхалық елді мекеніндегі Ғаламшар көшесінен «Workout» орнату және Жетібаев көшесіне балалар ойын алаңшасын салу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңа ауыл ауылындағы Бейбітшілік, Ақдала, Қобыланды, Бұқар Жырау, Ақмарал, Жібек жолы, Назқоңыр, Атамекен, Жоба, Шаханов көшелері орташа жөндеуден өткен. Ал, Атақоныс ауылындағы Жаңа құрылыс, Жаңа құрылыс І, Жаңа құрылыс ІІ, Байшұбар, Мырзашөл ауылындағы Жетібаев, Жаңа ауыл ауылындағы Байқоңыр, Қарой ауылындағы Жоба, Жоба І көшелеріне ағымдағы жөндеу (тас төсеу) жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Жаңа ауыл ауылдық округі бойынша тұрғындардың өтініштеріне сәйкес жалпы саны 18 канал мен арықтар механикалық тазалаудан өтсе, жеке инвестор есебінен Мырзашөл елді мекенінде жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын заманауи мектептің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, ауылдардың санитариясын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 6 миллион  теңге қаралып, жұмыстар жүргізілген.

Бұдан кейін Серік Үсенұлы кездесуі бекітілген кестеге сәйкес Атамекен ауылдық округінің тұрғындарымен де кездескен болатын. Алдыңғы кездесуде атамекендіктер тарапынан көтерілген қашыртқыларды тазалау, жол кедергісін орнату, көшелерді орташа жөндеуден өткізу, көпір жөндеу және спорт алаңшасын салу секілді 6 мәселенің 2-і орындалып, 4-і тұрақты бақылауға алынған.

Аудан басшысының айтуынша, Атамекен ауылдық округіне қарасты Жемісті елді мекенінен құны 191,9 миллион теңгені құрайтын фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, Баянды ауылының Ерлік, Кеңес, Көгал, Іргелес көшелеріне 4,2 миллион теңгеге жарық шамдар орнатылған. Талапты және Мақташы ауылдарынан спорт алаңшасын салуға жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға анықталған мердігер тарапынан құрылыс жұмыстары басталса, 11,2 миллион теңгеге Атамекен ауылындағы спорт алаңшасына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Баянды ауылынан балалар ойын алаңшасының құрылысын бастауға қаржы бөлінді, нысан 2026 жылға өтпелі.

Сонымен қатар, Атамекен ауылына қарасты Халықтар достығы көшесінің бойынан аллея салу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаралған 21,2 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүріп жатса, Өзбекстан Республикасысының  шекарада орналасқан ДВ-9 каналы бойына су қашырту мақсатында құбырлар орнату жұмыстарына қаржы бөлінген. Әлімбетов ауылындағы Мерей көшесі, Талапты ауылындағы Еңбекші көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Жаңа құрылыс көшесіне тас төселген. Жемісті ауылындағы Береке, Жастар, Жеңіс көшелері орта жөндеуден өткен.

Одан бөлек, ауылдардың санитариясын қамтамасыз етуге 5 миллион теңге, көше атаулары мен үй нөмірлерін орнату жұмыстарына 4,8 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар толығымен аяқталған.

Осы және өзге де мәселелер бойынша айтылған өтініштер мен ұсыныстардың жүзеге асырылуын айтып, қойылған қосымша сұрақтарға жауап берген аудан басшысы тұрғындардың мәселелерінің ешбірі аяқсыз қалмайтынын, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.

Жетісай: Ел игілігіне арналған бастамалар
Жетісай: Ауылдық округтер мен қалада көп жұмыс атқарылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу